×

Қазақстандықтар Құрбан айтта демалмайды: Еңбек министрлігі себебін түсіндірді

Құрбан айттың бірінші күні 16 маусымға – жексенбімен тұспа-тұс келгендіктен, 17 маусымда қосымша демалыс болмайды

 Халық үні 07.06.2024 | 15:56
көрнекі фото: Halyq Uni

Жыл басында Еңбек министрлігі қазақстандықтар 2024 жылдың маусым айында 11 күн демалатынын мәлімдеді. Яғни, ресми ақпаратта биыл Құрбан айттың алғашқы күні 17 маусымда болатындықтан, аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар үш күн – 15, 16 және 17 маусымда демалатыны хабарланды.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл Құрбан айттың алғашқы күні (3 күн) 16 маусымға сәйкес келетінін хабарлады. Демек, қазақстандықтар үшін 17 маусым жұмыс күні болып қала береді. Құрбан айт 16 маусымда – жексенбіде басталатын болғандықтан, дүйсенбі әдеттегідей жұмыс күні болып есептеледі.

Еңбек министрлігі жыл басындағы күнтізбені ҚМДБ ақпаратына сүйеніп жасағанын мәлімдеді.

2024 жылға арналған өндірістік күнтізбені жасау кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 2023 жылдың 17 қазанында ресми хат жолданды, онда 2024 жылы Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымға түсетіні, бірақ жаңа айдың көрінуіне байланысты ауысуы мүмкін екендігі хабарланған, - деп түсіндірді.

Мүфтияттың хабарлауынша, биыл 15 маусым – Арапа күні, 16, 17, 18 маусым – Құрбан айт мерекесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама