Жетісу облысының тұрғыны жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын мүйіздерді үйінде сақтаған

Дәурен Ерболат

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Фото: polisia.kz

Жетісу облысында полиция ақбөкен мүйізін заңсыз сақтап, мемлекетке 1 млрд 285 млн теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Биыл 6 маусымда Жетісу облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, ҰҚК Шекара қызметі мен ҰҚК департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз аулаған күдікті анықталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Панфилов ауданында 39 жастағы ер адам ұсталды. Оның үйін тінту кезінде шатырдан скочтпен оралған 7 картон қорап табылды. Оның ішінде 464 дана ақбөкен мүйізі болған, – деді облыстық ПД басшысының орынбасары Елдар Абдикенов.

Табылған мүйіздерге сот-биологиялық сараптамасы тағайындалды. Мемлекетке келтірілген шығын – 1 млрд 284 млн 816 мың теңге.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.