Halyq Uni логотип
×

Мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы 259 мыңнан астам қызмет көрсетілді

Қызметті пайдаланғысы келген адам 1414 бірыңғай нөміріне хабарласуына болады

 Дастан Жұмабекұлы 07.06.2024 | 10:17
Мүгедектігі бар адамдарға портал арқылы 259 мыңнан астам қызмет көрсетілді
Фото: gov.kz/ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Елімізде жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 202,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ), 8 мың – ымдау тілі қызметін, 25,3 мың – жеке көмекшінің, 23,3 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы іске асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні порталда 900 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 749 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 744 ымдау тілі және 121 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған, – делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген. Комиссиялар мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін бес күннің ішінде қабылдау және қарау, өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау, өнім берушіні порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдаумен айналысады.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама