Павлодар облысында балалар орманға өрт қойған

Еркеғали Болатұлы

Ата-аналарына айыппұл салынды

фото: temryuk.ru

Павлодар облысының Шалдай орман шаруашылығына қарасты №124 кварталда құрғақ шөп пен орман қоқысы өртенді. Оған балалардың кінәлі екені анықталды.

Жалын орман шаруашылығының 100 шаршы метрін шарпыған. Оны сөндіруге 10 адам шығып, 3 арнайы техника жұмылдырылды.

Шарбақты ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, «Ертіс орманы» табиғи резерваты және полиция қызметкерлері өртті балалар жасағанын анықтады. Олардың ата-аналарына «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Балалардың әрекеті үшін ата-аналар 36 920 теңгеден айыппұл төледі.