Қазақстанда TikTok желісін бұғаттау күн тәртібінде тұрған жоқ – Қанат Ысқақов

Дәурен Ерболат

Қазақстанда 14 млн-ға жуық адам әлеуметтік желіні пайдаланады

көрнекі фото: Halyq Uni

Сәуір айында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мәселесі қаралатынын айтқан еді.

Министрдің айтуынша, TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесі қарастырылып отыр. Себебі, аталған платформада құқықбұзушылық дерегі көбейген.

Алайда, министр TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мәселесі бойынша нақты шешім қабылданбағаын, әлі қарастырылатынын айтқан.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов тек TikTok емес, басқа да әлеуметтік желілерді бұғаттау ведомствоның күн тәртібінде тұрған мәселесі емес екенін мәлімдеді.

Сұрақ TikTok-қа қатысты болды. Министрлікте қазіргі уақытта (әлеуметтік желіні) бұғаттау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Жалпы елімізде әлеуметтік желіні толық бұғаттау күн тәртібінде жоқ, – деді министрдің орынбасары Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Data.ai Intelligence ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда TikTok аудиториясы 25%, Instagram аудиториясы 12%, Facebook оқырманы 25% және аудиториясы 7% өскен.

Ақпарат министрлігінің 2023 жылғы ақпаратына сенсек, Қазақстанда 14 млн-ға жуық адам әлеуметтік желіні пайдаланады – бұл халықтың 70 пайыздан астамы.