Halyq Uni логотип
×

Сенат «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады

Шетелдік телеарналардың ретрансляциясы азаяды

 Дәурен Ерболат 06.06.2024 | 10:48
Сенат «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады
Айгүл Қапбарова, фото: parlam.kz

Сенат депутаттары «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасы Үкіметтің бастамашылығымен әзірленген.

Сенатор Айгүл Қапбарованың айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңға «Бұқаралық ақпарат туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» қолданыстағы заңдарға төмендегі нормаларды енгізу көзделеді:

  • Біріншіден, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстанның ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру берілетін болды;
  • Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі 1 жыл болып белгіленді;
  • Үшіншіден, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды;
  • Төртіншіден, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саласын дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді;
  • Бесіншіден, мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50%-дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%);      
  • Алтыншыдан, отандық теле-, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле-, радиоарналардағы көлемін 50%-дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%) көзделді;
  • Жетіншіден, отандық теле-, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20%-дан 10%-ға дейін азайту белгіленді;
  • Сегізіншіден, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.

Депутат «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы арқылы 6 кодекске және 22 заңға «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзін негізгі заңға сәйкес «масс-медиа» сөзімен ауыстыру мәніндегі түзетулер енгізілгенін атап өтті.

«Сондай-ақ «Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде «Бұқаралық ақпарат туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың бір заңның аясына біріктірілуіне байланысты оларға қатысты нормалар да бір баптың аясына біріктіріліп, «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылды», - деді Айгүл Қапбарова.

Сенаторлар дауыс беру нәтижесінде «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама