Ол қылмысты жасыру үшін әйелдің денесін гаражға апарып, өз-өзіне қол жұмсаған етіп көрсеткісі келген
Қостанай облыстық ПД патрульдік полиция батальонының бұрынғы инспекторы зайыбын өлтірді деп айыпталды, деп хабарлады облыстық сот.
Қайғылы оқиға былтыр қарашада болған. Қостанай ауданында жер үйдің ауласынан әйелдің мәйіті табылды. Іс материалдары бойынша ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, ер адамның әйелін электр сымымен қылғындырып өлтіргені анықталды.
Күдікті қылмысты жасыру үшін әйелдің денесін гаражға апарып, оны өз-өзіне қол жұмсаған етіп көрсеткісі келген.
Сот-медициналық сараптамасы әйелдің механикалық асфикциядан (тұншықтыру, қылғыну) көз жұмғанын анықтаған. Бұл қылмыс аса ауыр қылмыс санатына жатады. Ол үшін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сот айыпталушының жазасын жеңілдететін мән-жайларды, оның жасаған ісіне шын жүректен өкінетінін ескерді. Оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы полиция аға лейтенант арнайы шенінен айырылды.