Halyq Uni логотип
×

Астанада банк қызметкері танысы үшін ҰҚК-нің арнайы операциясына кедергі келтірген

Сотталушы кінәсін мойындамай, қорғаушы тарап оны ақтауды сұрады

 Еркеғали Болатұлы 06.06.2024 | 09:15
Астанада банк қызметкері танысы үшін ҰҚК-нің арнайы операциясына кедергі келтірген
фото: Orda.kz

Елордада сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау фактісі бойынша банк қызметкеріне қатысты іс қаралды.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, Б. өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде сотқа дейінгі тергеуден түскен сауалда танысы туралы мәліметті көрген. Кейін ол танысы К.-ге қоңырау шалып, қылмыстық іс бойынша оның туысына қатысты келіп түскен мәліметтен хабардар еткен.

Б.-ның әрекеті салдарынан ұлттық қауіпсіздік органдарының Астана қаласына атыс қаруы мен оқ-дәрілерді жеткізу жолын кесуге бағытталған арнайы операциясының бұзылуына жол берілді.

Б. өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді іске асыратын адамның қызметіне қасақана араласқан. Бұл ұлттық қауіпсіздік органдарының қылмыстық істің алдын алуға бағытталған операциясының іске асуына қауіп төндірді. Сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін мойындамады, қорғаушы тарап оны ақтауды сұрады, – делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ сотталушының балаларының болуы қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылған және қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай анықталмаған.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғағымен, сот сараптамалары және мамандардың қорытындысымен дәлелденді. Сот үкімімен Б. 1 жыл мерзімге банк қызметі саласында белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырыла отырып, 1 жылға бас бостандығы шектелді, – деп мәлімдеді қалалық сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама