Мәжіліс депутаттары Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңды қарауға кірісті
Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын қарауға кірісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, заң жобасы 2022 жылғы 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде берілген тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген.
«Заң жобалары Түркістан қаласын дамыту үшін тиімді институционалдық орталық құруға, Түркістан қаласының Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ретінде қызмет ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауға, Түркістан қаласына құқықтық және ұйымдастырушылық жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталған», - деді депутат.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар құжатты қарауға кірісті.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Мәжілістің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды.
Заң жобасы Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуына, қаланың мемлекеттік маңызын тануға бағытталған.
Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік бермек.
Заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді, - делінген ақпаратта.