×

ҰБТ-да 138 балл жинаған Айдос Қожанов көпбалалы отбасыдан шыққан

Ұлттық бірыңғай тестілеудегі ең жоғары балл – 140

Айдос Қожанов, кентаулық түлек

Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 балл жинаған. Бұл - әзірге еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Айдос Қожанов көпбалалы отбасыдан шыққан. Тіпті ҰБТ-ға дайындық кезінде де 137 балл жинап, мектебінде үздік атанған.  

Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді. Физика-математика пәнін таңдаған кентаулық жігіт әке жолын қуып педагог болуды армандайды.

Бұл – Айдос Қожановтың ҰБТ бірінші мүмкіндігіндегі көрсеткіші. Математика және тарих пәнінен берілген сұрақтардан мүлт кеткен талапкер бір айдан соң тағы да бағын сынайды. Сондай-ақ келесі мүмкіндігінде 140 балл алып, рекорд орнатуды қалайды.

Түркістан облысында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген. Жалпы, облыста 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Оның 1 727-і - «Алтын белгіге», 2 466 оқушы - «Үздік аттестатқа» үміткер.

Еске салайық, 31 мамырда Ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады.

Ведомство мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 71 мыңға жуық түлек тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 71%-ы қазақ тілінде, 29%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Одан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл су тасқыны болған өңірлердегі түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) қосымша жеңілдіктер қарастырылғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама