×

Ақтөбе облысындағы топтық төбелесте 15 жастағы оқушы пышақталған

Науқастың басына, ішкі құрылысына тексеру жасалды

 Еркеғали Болатұлы 04.06.2024 | 16:40
фото: Halyq Uni

Ақтөбеде жасөспірімдер арасында төбелес болып, 3 адам ауруханаға жеткізілді.

Оқиға 2 маусымда Ақтөбе облысының Алға ауданында болған. Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Күдікті ұсталып, қамауға алынды. «Бұзақылық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Үш бала медициналық мекемеге жеткізілді, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасындағылар төбелес кезінде жарақат алған жасөспірімнің 9-сынып бітірген оқушы екенін растады.

Тергеу жүріп жатыр, әзір біз де анық-қанығын білмейміз. Жарақат алған оқушы биыл 9-сынып бітіріп жатыр, - деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері төбелестен кейін ауруханада бір адам ем алып жатқанын мәлімдеді. Айтуларынша, алған пышақ жарақаты терең емес.

15 жастағы тұрғын Алға аудандық ауруханасына жеткізілді. Хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Реаниматолог, хирург дәрігерлер қарап шықты. Науқастың басына, ішкі құрылысына тексеру жасалды. Жарақаты тігілді. Ота жасауды қажет етпейді. Жағдайы тұрақты, - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.

Ал құзырлы органдағылар тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайтынын алға тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама