Алматы облысында жоғалған шетелдік табылды
Полиция оны «Нелегал» іс-шарасы кезінде іздеп тапты
Алматы облысының Қарасай ауданында Өзбекстанда іздеуде жүрген шетел азаматы анықталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, тәртіп сақшылары «Нелегал» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші күні көші-қон полициясы қызметкерлерімен бірігіп, көрші мемлекетте хабар-ошарсыз кеткен 50 жастағы азаматты ұстап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қазір оны Өзбекстан Республикасына қайтару туралы мәселе қарастырылып жатыр.
Іле ауданында көші-қон заңнамасын бұзудың 2 фактісі тіркелген. Бұл деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп мәлімдеді облыстық көші-қон қызметі басқармасы.
Осы жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 4 543 адам жауапқа тартылды. Оның 3 840-ы – шетелдік. 12 қылмыстық іс қозғалып, 196 шетелдік елден шығарылды.
Көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға және оның алдын алуға арналған профилактикалық іс-шара 21 маусымға дейін жалғасады.