Қазақстанда жетім балалар көбейіп барады – уәкіл
Бір жылда Қазақстанда балалар үйіне 4 мың бала келеді
Қазақстанда жетім балалар көбейіп келеді. Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазір елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 115 мекеме бар. Жалпы осы мекемелерде 4 мыңнан астам бала тұрады. Ал жалпы Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 22 мың бала бар. Оның ішінде 17 мың бала қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде және туыстарымен тұрады», - деді Динара Зәкиева «Jibek Joly» телеарнасына берген сұқбатында.
Уәкіл сұқбат барысында елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны көбейіп келе жатқанын айтты. Омбудсменінің айтуынша, елімізде бір жыл ішінде 4 мың бала балалар үйіне немесе бейімдеу орталықтарына келіп түседі. Биыл бұл көрсеткіш 4 мыңнан асқан.
Еске салайық, бұған дейін Сенат депутаты Нурия Ниязова бүгінде Балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысын көтеру керектігін айтқан. Сенатордың айтуынша, бұл мекемедегі мұғалімдердің жалақысын көтеруді реттейтін тетік Үкімет қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ бұл тізімге денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтар да енбеген.
Былтыр Halyq Uni редакциясы әкімдіктерден ресми жауап алып, Қазақстанда ең көп балалар үйі Қостанай мен Павлодар облысында болса, осындай мекемелердегі бала саны ең көп өңір Алматы қаласы екенін жазды.
Жалпы, Қазақстан бойынша 3082 жетім немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар арнайы мекемеде тәрбиеленіп жатыр.