Өнеркәсіп министрлігі утильалымға қарсы петицияны қарастырмақ
Өтініш шамамен бір айдан аса уақыт қаралады
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизациялық алымға қарсы петицияны қарау үшін жұмыс тобының құрамын бекітті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министрлік Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекстің 90-5-бабы 2-тармағына сәйкес, петицияны қарайтын жұмыс тобының құрамын бекітті. Оның құрамына Парламент депутаттары, Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және ақпарат вице-министрлері, Сыртқы істер министрінің орынбасары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енді.
Сондай-ақ топ құрамына петиция бастамашылары, яғни бірқатар қоғамдық бірлестік, сарапшылық қоғамдастық және өнеркәсіп секторының өкілдері де кірді.
Айта кетейік, Әкімшілік рәсімдік-процессуалдық кодекстің 90-4-бабына сәйкес, петиция 50 мың қол жинаса, ол Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына беріледі. Осы кодекстің 90-5-бабы бойынша келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күні ішінде қаралады.
Петицияны қарау жұмысын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұйымдастырады.
Еске сала кетсек, бұған дейін министр Қанат Шарлапаев елімізде утильалым жойылмайтынын бірнеше рет айтқан.