Полиция кез келген адамға жүрген жерін туыстары мен достарына, басқа да жақындарына ескертуді сұрайды
Павлодарда ішімдікке салынып, үйіне оралмаған әйел табылды. Ол 18 мамырда жоғалып, туыстарына хабарласпаған.
Polisia.kz-тің мәліметіне қарағанда, 18 мамырда полицияға Павлодар қаласының тұрғыны хабарласып, 45 жастағы әпкесінің үйден кетіп, қайтып оралмағанын айтып, көмек сұраған. Айтуынша, ол келесі күні де үйге келмеген.
Осыдан кейін полицияның жедел іздестіру қызметі жоғалған әйелді анықтау үшін оның таныстары мен ол баруы мүмкін жерлерді тексерген. Іздестіру 10 күннен кейін ғана нәтиже берген. Әйел қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылған. Онда ол достарымен бірге болған.
Әйел табылған кезде полицияға ішімдіктің салдарынан жақындарына хабарласуға уақыты болмағанын айтқан.
Неге мені іздеу керек? Туыстарым мен үшін соншалықты алаңдауы мүмкін деп ойламаппын, – деді әйел.
Содан кейін ол туыстарына тапсырылды.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, биыл із-түзсіз жоғалған 31 азамат іздестіріліп, 17 адамның жүрген жері анықталды.
Полицейлер азаматтарға жоғалған туыстары мен жақындары туралы бірден хабарлау қажет екенін еске салады. Полицияға неғұрлым тезірек барсаңыз, жоғалған адамды табу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болатынын есте ұстаған жөн. Сондай-ақ облыс тұрғындарынан туған-туыстарына қайда екендерін де хабарлауын сұраймыз. Егер үйден кетсеңіз, міндетті түрде жақындарыңызға ескерту жасаңыз. Егер бір жерде ұзақ болсаңыз, отбасыңызға қоңырау шалыңыз немесе кешігетініңізді ескертіңіз, – делінген хабарламада.