×

Мүгедектікті белгілеу бойынша 38 мыңнан астам өтінім қаралды

Былтыр өтінім 76,4 мың адамнан түскен

 Дастан Жұмабекұлы 04.06.2024 | 10:46
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Биыл жыл басынан бері еліміздің барлық өңірінен мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша серпінді жобаны іске асыру шеңберінде 38,5 мыңнан астам өтінім қаралды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Былтыр 76,4 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды. Бұл – куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30,4 пайызы.

Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірігіп, еліміздің барлық өңірінде серпінді режимде медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) жүргізудің сырттай форматы бойынша жобаны іске асырып жатыр, – делінген хабарламада.

Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға хабарласып, қажетті тексеруден өту қажет. Қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.

Сырттай куәландыруға көшу:

  • әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
  • МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
  • мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
  • көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама