Туды ілудің тәртібі: Мемлекеттік рәміздерді қорлағандар қалай жазаланады?
Бүгін - Мемлекеттік рәміздер күні
2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Еліміздің әрбір азаматы үшін қастерлі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің тарихына тоқталар болсақ, 1992 жылдың басында Әнұран, Ту, Елтаңбаны таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмыс тобын құрып, арнаулы шығармашылық комиссия тағайындаған. Оның құрамына Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов және тағы басқа белгілі қайраткерлер кірді. Бұдан кейін еліміздің аумағнда мемлекеттік рәміздердің нұсқаларына конкурс жарияланды. Бір ғана тудың өзіне 600 адамнан 1 200 нұсқа түссе, Елтаңбаның 245 жобасы, әнұранның 750 үлгісі байқауға қатысты. Эстетикалық сипатымен де, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі бойынша да үздік туынды ұсынған байқау жеңімпаздарын қазір халық мемлекеттік нышан авторлары ретінде таниды. Олар: Ту авторы - Шәкен Ниязбеков. Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.
Сонымен бірге Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұран авторлары ретінде - әуенін жазған Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің есімі тарихта қалды. Үздік мәтінге жарияланған байқауда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Таңдау ел арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әніне түскен еді. 1956 жылы сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығынан шыққан туындының бастапқы мәтінін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңдеді.
Мемлекеттік туды, мемлекеттік елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ мемлекеттік гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы N 873 қаулысында жазылған. Қоғамдағы түрлі жағдайға байланысты соңғы рет 2020 жылдың 27 қазанында өзгерту енгізілді.
Оған сол күнгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы түрткі болған еді. Онда қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер барын айтып, мысал ретінде пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тиым салынғанын келтірді. Соған байланысты заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет екенін тапсырған. Үкімет оны созбаққа салмай, сол күні-ақ № 801 қаулысын шығарып, алдыңғы қаулыға дереу өзгеріс енгізді.
Содан бастап қаулының төртінші тармағы былайша жазылатын болды: «Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін».
Сондай-ақ, осы Қаулыда мемлекеттік рәміздерді қолдану қағидаларында басқа да қызықты ережелер жазылған:
- Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы уақытында жарық түсіп тұруға тиіс;
- лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы Мемлекеттік Ту 1х2 метр көлемінде Елтаңбаның сол жағында (тігіледі) орналастырылады;
- Мемлекеттік Туды шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) көлемі басқа тулардан кіші болмауға және төмен орналастырылмауға тиіс;
- Қаулыдағы 13-тармақтың екінші тармақшасында жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде) орналастырылатын Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс;
- Заңды тұлғалар мемлекеттік туды қағидаларға сәйкес бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктерін ескереді және мынадай параметрлерді пайдаланады:
- 1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
- 2) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2x4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1x2 метр өлшеммен) орналастырылады;
- 3) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2x4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады.
- Ал Мемлекеттік Елтаңбаға келсек, оның да өзіндік қолданылу ерекшеліктері бар. Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
- Кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға орналастырылатын Елтаңбаның диаметрі 500 миллиметр болу керек.
Ал бір және (немесе) көпқабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:
- Бірқабатты ғимаратта Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
- Биіктігі 20 метрге дейінгі 2, 3, 4, 5 қабатты ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында орналастырылса, диаметрі 1-ден 1,5 метрге дейін болу керек. Ал ғимаратқа кіреберіс маңдайшада диаметрі 500 миллиметр көлемінде орналастырылады;
- Биіктігі 30 метрге дейінгі 6, 7, 8, 9 қабатты ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында диаметрі 2 метр болып тұруға тиіс. Ал ғимаратқа кіреберіс маңдайшада диаметрі 500 миллиметр болып орналастырылады;
- Ал биіктігі 30 метрден немесе 9 қабаттан жоғары ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында диаметрі 3 метр және одан жоғары болу керек. Немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшадағы көлемі 500 миллиметр диаметрден кем болмайды.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздер ерекше статусқа ие және заңмен қорғалады. Оларды дұрыс пайдаланбаған жағдайда ірі көлемде айыппұл төлеуге тура келеді.
Мемлекеттік рәміздер 16 жылдан бері заңмен қорғалып келеді: 2007 жылы Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді ту, елтаңба мен әнұранды орынсыз пайдалануға тыйым салатын заңнамалық норма қолданыла бастады. Аталған заңда рәміздерді қолдану шарттары және анықталған бұзушылықтар үшін тиісті жазалар нақты көрсетілген. Мәселен, онда қазақстандықтарға балкондар мен ғимараттардың қасбеттеріне туды ілуге тыйым салынды. Алайда бұл норма 2020 жылы жойылды. Бірақ айыппұлға әкелетін шарттар сақталды.
Халықтың патриоттық сезімін білдіру үшін пайдаланатын құрал – мемлекеттік туы. Спорттық жарыстар мен мерекелік іс-шараларды жиі пайдаланылатын атрибут. Сондай-ақ саяхаттаушылар жиі қолданады. Алайда оны пайлану немесе ілу кезінде қаперде ұстауға тиіс мәселелер бар. ҚР Әкікмшілік кодекстің 458-бабына сәйкес, оны заңсыз пайдалану үшін жаза көзделген, бұл норма басқа да рәміздерге қатысты.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, мемлекеттік туды: апат сигналын беруді қоспағанда, төңкеріп қоюға, жерге, еденге, суға және т. б. тиетіндей етіп қоюға, көлденеңінен алып жүруге болмайды. Сондай-ақ зақымдалуы немесе ластануы мүмкін болса орнатуға, оған заттарды орап, кенеп ретінде бірдеңе жазуға немесе бояуға болмайды. Киім, төсек-орын және драп ретінде, костюмде немесе спорттық формада қолданылуға тыйым салынған (тудың бейнесі тек патриоттық ұйымдар, әскери, полиция және өрт сөндірушілердің формасына тігілуі мүмкін). Бұған қоса, майлықтар, қораптарға және басқа да бір рет қолданылатын заттарға сурет түрінде басуға қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелерде рәміздерді орнатудың арнайы тәртібі белгіленген. Тек ту мемлекеттік емес нысандардың қасбетіне орнатылған болса, тәуліктің қараңғы кезінде оны арнайы жарықтандырудың қажеті жоқ.
Қазақстандықтар туды бірнеше жағдайда пайдалана алады. Мысалы, мерекелік іс-шаралар кезінде оны қолдануға шектеу жоқ. Әрі оны тұрғын үйдің қасбетіне немесе балконына ілуге заңмен рұқсат берілді.
Соңғысында ескеретін бір жайт бар. Ту өлшеміне қарамастан мемлекеттік стандартқа сай болуы керек. Яғни, ол көк түсті матадан, тікбұрышты түрінде жасалуы керек. Тудың өлшемдерінің арақатынасы 1:2 болуға тиіс. Ортасында күн сәулесі және оның астында қалықтаған бүркіт бейнеленген, ал тудың білігінің жағында ою-өрнек (тік жолақ) бейнеленген. Бұл элементтердің барлығы алтын түсті болуы шарт.
Бұдан бөлек әнұран мен елтаңбаны қолдану ережесі де бекітілген. Жекеменшік компаниялар мен жеке тұлғаларға елтаңбаны пайдалануға тыйым салынған. Оның бейнесін мемлекеттік туды пайдалану ережесін сақтай отырып қана қолдануға болады. Сол сияқты әнұранды пайдалану тәртібі бар, ол Конституциялық заңмен реттеледі. Атап айтқанда, әнұран орындалғанда ҚР азаматтары орнынан тұрып, оң қолын жүрек тұсына қоюға міндетті. Сондай-ақ әнұранның мәтінін немесе музыкасын басқа әндер мен шығармалардың негізі ретінде пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жаза күшейтілді. Қылмыстық кодекстің 372-бабына өзгеріс енгізіліп, нәтижесінде айыппұл көлемі артты. Рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшері 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды (бұрын айыппұл сомасы 2 мың АЕК болған), сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға тарту мөлшері 900 сағатқа дейін (ескі нұсқада-600 сағатқа дейін) болып бекітілді.