Алматыда бірнеше пәтерді тонаған әккі ұрылар ұсталды
Күдіктілерді ұстау да оңай болған жоқ
Алматы қаласының полициясы бірнеше пәтерді тонаған күдіктілерді ұстап, қамауға алды.
Алматы қаласы ПД криминалдық полициясының хабарлауынша, Түркістан, Қызылорда облыстарынан келген 2 адам бірнеше пәтер тонап үлгерген. Жедел уәкілдер анықтағандай, олар кемінде 4 пәтерді тонаған.
Күдіктілерді ұстау да оңай болған жоқ. Оларды криминалдық полиция қызметкерлері мен полицияның арнайы жасағы ұстады.
Ұрылар «Құлагер» шағын ауданындағы үйлердің біріндегі пәтерден шығаберісте ұсталды. Олар пәтер тонаған кезде үй иелерінің жиған-терген ақшасы мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Екі күдікті де қамауға алынды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.