×

Астанада фельдшердің тамағына пышақ тақаған ер адам қамауға алынды

Қаңтар-сәуір аралығында қалада осындай 9 жайт тіркелген

 Еркеғали Болатұлы 03.06.2024 | 15:08
фото: Halyq Uni

Астанада жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасаған ер адам ұсталды. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері оқиғаның мән-жайын айтты.

Өткен демалыс күндері 103 пультіне жеделдіктің 3-санаты бойынша қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасын әйел адам шақырған.

Айтылған мекенжайға келген кезде дәрігерлер алкогольге мас күйде озбырлық танытқан ер адамды байқаған. Жедел жәрдем қызметкері медициналық тексеруге кіріскенде, ер адам фельдшерді ұстап алып, оны бөлмеге сүйреп, тамағына пышақ тақап, бөлмені жауып алған. Екінші фельдшер бұл туралы Алматы ауданы кіші станциясының аға дәрігеріне хабарлап, полиция шақырған. Фельдшер полиция қызметкерлері келгенге дейін қашып үлгерді. Шабуыл салдарынан фельдшер де, оған шабуыл жасаған адам да жарақат алған жоқ, - делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұған дейін де жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты осыған ұқсас жағдайлар болған. 2024 жылы қаңтар-сәуір аралығында мұндай 9 жайт тіркелген.

«Басқарма қала тұрғындарын медицина қызметкерлерінің еңбегіне құрмет көрсетіп, оларға қатысты агрессивті әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Жедел жәрдем қызметкерлерінің басты мақсаты – шұғыл медициналық көмек көрсету және пациенттердің өмірін сақтау екенін түсіну маңызды», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама