Рудный қаласында кезекте тұрған 21 отбасы үйлі болды
Пәтер кілтін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов табыстады
1 маусым күні Рудный қаласында үш қабатты, 21 пәтерлік «Сабыр» тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылуы және кілт табыстау рәсімі өтті. Шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов және Рудный қаласының әкімі Ионенко Виктор Николаевич қатысты. Жұмыс сапарымен Рудный қаласына келген Қостанай облысының әкімі Құмар Іргебайұлы су жаңа пәтер иелеріне салтанатты түрде кілт табыстады.
Құрметті Рудный қаласының тұрғындары, бүгін барлығымыз үшін қуанышты күн. Өйткені сіздер пәтер иесі атанып жатсыздар. Адам өміріндегі басты армандардың бірі баспаналы болу емес пе? Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Облыс аумағында, сондай-ақ Рудный қаласында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі шешілуде. Рудный қаласының тартымдылығын, жайлылығын арттыра түсетін жұмыстар жоспарланған. Қазірдің өзінде қалада көптеген өзгерістер болып жатыр. Біз Рудный қаласын жандандыруға жүйелі жұмыс істейміз, - деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы.
Үй ауласында балалар алаңы, автотұрақ және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Бір бөлмелі пәтерлер 38 шаршы метрді қамтыса, екі бөлмелілер – 56 шаршы метрден 80 шаршы метрге дейін, ал үш бөлмелі пәтерлер көлемі 84 шаршы метрді құрады. «Сабыр» ТҰК әлеуметтік санаттар бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорының кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Оның ішінде халықтың осал топ өкілдері, көпбалалы отбасылар және балалар үйінің түлектері баспаналы болды.
Біз кезекке 2021 жылдың қаңтар айынан бастап тұрдық. Мен көпбалалы анамын, 4 балам бар. Өзіміздің үйіміз ешқашан болмаған, осы күнге дейін біз жалдамалы пәтерде тұрдық. Бүгін қуанышымда жек жоқ. Шынымды айтсам, 3 бөлмелі пәтер алғанымызға әлі сене алмай тұрмын. Бізге осындай қолдау көрсетіп жатқан мемлекетке алғысым шексіз. Бұл үй де, пәтердің өзі де өте ұнады. Балалар өте риза, қазірдің өзінде бір кіргеннен жүгіріп, кең пәтерде ойнап жүр. Енді жақын арада тезірек көшіп келсек деп отырмыз, - деді өз қуанышын жеткізген көпбалалы ана Айжарқын Сариева.
Одан бөлек, Құмар Іргебайұлы жаңадан салынып жатқан комфорт санатындағы «Аят» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен және эскиздық жобасымен танысты. Бұл қаланың орталығында орналасқан 6 қабатты 120 пәтерлік тұрғын үй кешені болмақ. Жоспар бойынша, ТК-нің ауласында ойын алаңы, жеке автотұрақ, бейнебақылау, демалыс орны болады.
Сапар барысында облыс әкімі тағы бір құрылыс нысанына жол тартты. Ол қаладағы жаңа, заман талабына сай қонақүй – Abyroy apart hotel. Abyroy apart hotel Рудный қаласындағы пәтер мен қонақүй мәселесінің ең оңтайлы шешімі әрі қаланың инфрақұрылымы мен сәулетінің ерекше нысаны болмақ.
Айтылған нысандардың бас мердігері – нарықта 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан QC Holding компаниясы. Соңғы жылдары QC Holding Рудный қаласындағы ескі үйлерді жаңғыртумен және қала келбетін әсемдейтін жаңа тұрғын үй кешендерін салумен айналысып жатыр.
Компания басшысы Кульчиков Нұралхан Әмірханұлының айтуынша, QC Holding компаниясының жұмысы мен жоспары көп.
Біз бір жылдың ішінде Рудный қаласында төрт үйді пайдалануға бердік. Жергілікті атқарушы органдармен алдағы уақытта да табысты, сапалы және жүйелі жұмыс атқаруға дайынбыз. QC Holding компаниясы әр тұрғынға сапа жағынан өз кепілдгін береді және басқа да сұрақтар бойынша көмекке келуге әрқашан дайын. Осыған сенімді болыңыздар, - деді компания басшысы Нұралхан Әмірханұлы.