×

Вейпке тыйым, шомылу маусымы мен кәсіби мерекелер: маусым айында Қазақстанда не өзгереді?

Қазақстандықтар маусым айында 11 күн демалады

 Айнұр Шошаева 03.06.2024 | 11:56
көрнекі фото: Halyq Uni

Маусымда Қазақстан қоғамында резонанс тудырған кейбір заңдар күшіне енеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

1 маусымнан бастап еліміздің барлық өңіріндегі жағажайларда суға түсу маусымы басталады. Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарды өмірі мен денсаулығын сақтау шақырды. Құтқарушылар азаматтарға рұқсат етілген, қауіпсіз су айдындарында демалу қажеттігін еске салды. Балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдыруға және ересектердің еріп жүруінсіз олардың шомылуына рұқсат беруге, мас күйінде шомылуға, жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардың артына шығып жүзуге тыйым салынатынын атап өтті. Сондай-ақ тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге болмайтынын айтып, қайықтардан, айлақтардан, табиғи түзілімдерден (жартастар, тастар, парапеттер, қоршаулар және басқа да заттар), сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеуге шақырды.

Оқи отырыңыз: Демалыс маусымы: Суға шомылудың қауіпсіздік ережелері қандай

ӘЙЕЛДІ ҚОРҒАУ МЕН БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Еске сала кетейік, 15 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Әйел мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бұл заң 15 маусымда күшіне енеді.

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған түзетулер қолданысқа енгізіледі. Атап айтқанда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қасақана ауырлығы орташа және денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілік күшейтілді. Неке және отбасы, әке, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке-отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени және отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты көзделген.

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмыс істеуі мәселелері заңнамалық түрде бекітілген. Ал өз-өзіне қол жұмсауға ықпал еткені үшін, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұған қоса 16 жасқа толмаған балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағанды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жазалар айтарлықтай күшейтілді.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының кәмелетке толмағандардың немесе оларға қатысты құқығына қайшы әрекеттер жасағаны туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау міндеті белгіленген. Сондай-ақ, ӘҚБтК-ге әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша түзетулер енгізіліп жатыр. Соған сәйкес, енді отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген кезде сот психологиялық көмек көрсету жөнінде шаралар белгілеуге құқылы. Ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауап береді. Кәмелетке толмағанды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) үшін ескерту немесе 2024 жылы 10 АЕК немесе 36 920 теңге мөлшерінде айыппұл көлеміндегі жауапкершілік енгізіледі. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 30 АЕК (110 760 теңге). Егер 12 – 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер буллинг жасаса, оның ата-анасына ескерту жасалады немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл 10 салынады. Сондай-ақ қорғау нұсқамасын бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ата-анасының немесе оның заңды өкілінің еріп жүруінсіз 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру 5 АЕК (2024 жылы 18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ВЕЙП ТАРТУҒА ЖӘНЕ ОНЫ ЖАРНАМАЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

20 маусымнан бастап Қазақстанда вейпке тыйым салынады. Қылмыстық кодекске әдеттегі шылым секілді шекпейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін 301-1 бап енгізілді. Соған сәйкес, шекпейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату олар үшін 200 АЕК-ке дейін (2024 жылы 738 400 теңге) айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы көзделген.

Шекпейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелу, өндіру олар үшін 2000 АЕК (2024 жылы 7 384 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, немессе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, ол болмаса бас бостандығын шектеуге дейін жазаланады. Сондай-ақ 2 жыл немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкі тәркілеу көзделген. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық топ жасалып, аса ірі мөлшерде табыс тапқан болса әрі бірнеше рет жасалған жағдайда мүлкі тәркіленіп, 5000 АЕК (2024 жылы 18 460 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Айта кетейік, бұл заң темекі шекпейтін темекі өнімдерін жарнамалауға да тыйым салады.

ҚҰРБАН АЙТ ЖӘНЕ КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕР

Жалпы қазақстандықтар маусым айында 11 күн демалады. Биыл Құрбан айт мерекесі маусым айының 17-не тұспа-тұс келеді. Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар үш күн 15, 16 және 17 маусымда демалады.

Сонымен қатар маусымда бірқатар кәсіп иелерінің кәсіби мерекесі. Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина саласы қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Сондай-ақ 23 маусымда мемлекеттік қызметшілер мен Ішкі істер органдары қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Бұған қоса, жыл сайын 28 маусым бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн журналистер күні деген атаумен де белгілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама