Тегін курс Блокчейн және жасанды инттеллект мектебі алаңында ұйымдастырылды
Қазақстандық Блокчейн технологиялар қауымдастығы жаңа технология құралы – жасанды интеллект туралы тегін шеберлік сағатын өткізді. Қауымдастықтың Блокчейн және жасанды инттеллект мектебі алаңында өткен сабағында AstanaIT University және Nazarbayev University студенттері Асылхан Берікболов пен Санжар Ревшанов сөйлеп, тақырыпты жан-жақты қамтыды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аталған спикерлер – компаниялар мен жекелеген мамандарға жасанды интеллектінің пайдасы, қолдану жолдары туралы насихат жүргізіп келе жатқан жас маман.
Үш күнге созылған онлайн режимдегі мастер-класс еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мыңнан астам адамның басын қосты.
Оқыту сабақтарының сериясы барысында қатысушылар жасанды интеллект пен нейрожелілердің негіздері, олардың арасындағы айырмашылық, сондай-ақ заманауи нейрожелілер және олардың мүмкіндіктері сияқты өзекті тақырыптарды қаузады. Сонымен қатар, курста ЖИ-дің түйткілді мәселелерді шешіп, одан соң кірісті ұлғайтуға және сыртқы нарықтарға шығуға көмектесе алатын мүмкіндіктері практикалық кейстер және демонстрациялар арқылы таныстырылды.
Курс қатысушылары ChatGPT тақырыбы бойынша интерфейс, GPT 4 және 3.5 арасындағы айырмашылық, GPT 4 мүмкіндіктеріне шолу, жалпы қолдану жолдары мен басқа да мүкіндіктері туралы толық ақпарат алды. Сонымен бірге, жалпы жасанды интеллектілердің қаншалықты маңызы барын айтып берді. Соның барысында сарапшылар түрлі ЖИ қызметіне қысқаша шолу жасады. Әсіресе, компаниялар мен бизнесмендер жаңа технологияны қолдану арқылы қалай табысқа кенеліп отырғаны да кеңінен сөз болды.
Бұған дейін халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов елімізде жасанды интеллектіні заңдыстыруға қатысты пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалану мәдениетін қалыстастыру қажет. SecDev компаниясының (Канада) аға кеңесшісі, халықаралық сарапшы Арман Әбдірасыловтың пікірінше, жасанды интеллект туралы талқыламас бұрын, алдымен оның не екенін түсініп алу қажет.