Halyq Uni логотип
×

Былтыр Астанада 120-дан астам нысан мүгедектерге лайықталып салынды

Талапты ескермеген мекемелерге 13 млн теңгеден астам сомаға 38 әкімшілік айыппұл салынды

 Дастан Жұмабекұлы 03.06.2024 | 09:44
Былтыр Астанада 120-дан астам нысан мүгедектерге лайықталып салынды
Фото: gov.kz/ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Былтыр Астанада 120-дан астам нысан мүгедектерге лайықталып салынды. Бұл олардың заңды құқығын қамтамасыз ету мақсатында жасалды. Жалпы алғанда, мүгедіктігі бар азаматтар үшін 122 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігі.

Қазір елімізде 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, AMANAT партиясының 2023-2027 жылдардағы Жол картасы мен мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылып жатыр.

Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуге тиіс 35 мыңнан астам басым нысан айқындалды.

2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан мүгедектерге лайықталып салынды. 2023-2027 жылдары әр жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 857 нысан осы талапқа сәйкестендірілді.

Астана қаласында былтыр жергілікті атқарушы органдар 175 нысанда мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, білім беру саласында 26 мектеп пен балабақша, денсаулық сақтауда 20 мекеме (аудандық/қалалық ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, амбулаториялар), 7 мәдениет нысаны (мәдениет үйлері, театрлар және т.б.), 4 спорт орталығы (спорт залдары, спорт сарайлары мен басқа да нысандар), 5 әлеуметтік қорғау объектісі, 5 дүкен мен сауда үйлері және 36 қызмет көрсету саласының объектілері мүгедектерге лайықталып салынған.

Жалпы, қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жақсарып, барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Меншік иелері объектілерді құрылыс нормаларына сәйкес келтіруге тырысады. Көптеген кәсіпкер мен мемлекеттік мекеме мүгедектігі бар азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, кіру аймақтарын жаңғыртудан өткізуде. №8 және №9 қалалық емханаларға барған кезде денсаулық сақтау мекемелерінің қолжетімділігіне таңқалдым. Есіктер өлшемдерге сәйкес келеді, ыңғайлы лифттер қарастырылған. Сондай-ақ жақында Амангелді Иманов көшесіндегі Каспи банкінің бөлімшесіне бардым. Онда банкке кіретін жер қайта жаңартылған, көтергіш құрылғы орнатылып, кіреберіс кеңейтілген, кіру есіктері ауыстырылған, кресло-арбадағы мүгедектерге арналған арнайы касса, тактильді плиткалар мен көрсеткіштер орнатылған.  Бұл – қала тұрғындарының ең көп баратын орындары. Оның ішінде біз де жиі барамыз, – деді бірінші топ мүгедектігі бар Астана қаласының тұрғыны Дастан Раушанбеков.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау шеңберінде Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен басқа да салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 95 тексеру жүргізді. Оның ішінде жоспардан тыс 49 тексеру, 26 рет профилактикалық бақылау шеңберінде және прокуратураның талабы бойынша 20 рет тексеріс жүргізілген.

Тексеріс қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 40 ұйғарым және ӘҚБтК-нің 826-бабы тәртібінде 20 жеке ұсыным берілді. 13 млн теңгеден астам сомаға 38 әкімшілік айыппұл салынды.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өткен жөн. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама