«Дайындық қызу жүріп жатыр». Көшпенділер ойынының басталуына 100 күн қалды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада өтеді
Елордада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына 100 күн қалды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бүгін бас қалады дүбірлі доданың ашылуына 100 күн қалуына орай, ұлттық спорт түрлерінен шеберлік сағаты өтті.
«Ұлттық спорт біздің рухымызды, мінезімізді дамытады. Ұлттық спортты дамыту халқымызды рухтандыру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудің негізі болып табылады. V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны бүгінгі күнге ата-бабамыз аманаттап, бізге мұра болып қалған ұлттық спортты дамытуға өз үлесін тигізеді деп ойлаймын. Осы орайда елімізде өтетін көшпенділер ойынын таныту, әлемге паш ету маңызды, бұл жас ұрпақтың тәрбиесі мен еліміздің болашағы үшін маңызды», - деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-преизиденті Тастанбек Есентаев.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қанатұлының айтуынша, Қазақстанда өтетін ойындарға 85 елдің спортшылары қатысатынын растаған.
Дүбірлі доданың басталуына 100 күн қалды. Қазіргі күні дайындық жұмыстары ақтық мәреге шықты деп айтуға болады. Бүгінгі таңда бұл ойынға әлемнің 85 елінен қатысушылар келетінін растап отыр. Бұл біз үшін зор мәртебе. Негізгі мақсатымыздың бірі – көшпенділердің спортын, құндылықтары мен мәдениетін өскелең ұрпаққа насихаттау. Сондықтан бұл ойын ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді насихаттауда үлкен дем береді деп үміттенеміз, - деді ол.
Рекордшы, «Толағай» алыптар сайысының негізін қалаушы Темір Сыпатай көшпенділер ойының маңызы ауылдан бастап ірі қалаларда кеңінен насихатталуға тиіс деп есептейді.
«Бұл ойын қазақ елінің мықтылығын, ұлттық спорты мен елдің бірлігін көрсетеді. Осы орайда бәріміз ауыл, аудан мен қалаларда насихаттауымыз керек. Күллі әлем осы ойынға, Қазақстанға көз тігіп отыр. Сондықтан баршамыз жұмылып, абыроймен өткізуіміз маңызды. Мақсатымыз – көк байрағымызды желбіретіп, Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіп аталарымыздың ізін жалғайтын батырларымызды шығаруға міндеттіміз», - деді рекордшы.
Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байбанов дүбірлі дода ұлттық спортты насихаттап қана қоймай, ел экономикасының дамуына үлес қосады деген пікірде.
«Жыл сайын Астанаға еліміздің басқа өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден 1 млн-нан астам турист келеді. Бұған дейін Қырғызстан, Түркияда өткен көшпенділер ойындары туристердің қызығушылығын арттырып, көптеп келетінін көрсетті. Бұл ойын қай елде өтсе де, тек жағымды әсерін қалдырды. Бүгінде дайындық барысында істеліп жатқан қосымша абаттандыру жұмыстары қаланың көркін арттырып, туристерге қолайлы жағдай жасайды. Қаладағы 30-дан астам қонақ үй кешені жөндеу жүргізіп, келушілер үшін дайындалып жатыр», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінгі көшпенділер ойынына қатысатын ұлттық құрамалар қызу дайындық жүргізіп жатыр. Мәселен, асық атудан осы күнге дейін Алматы мен Түркістан облысында екі жаттығу өткен.
«Маусым айының 15-і Қырғызстанның Шолпан-ата қаласына жаттығуға барамыз. Биыл Ордо ойынына 8 спортшы, ал асық атуға 4 қыз бен 4 жігіт қатысады. Бұған дейін 2018 жылы Шолпан-атада өткен ойынға ордо ойынына қатысып, 3 орынды иеленген едік. Елімізде өтетін дүбірлі ойында жеңіс тұғырынан көріну үшін қызу дайындалып жатырмыз. Жалпы, қазақстандық спортшылардың әлеуеті жақсы. Ойын кезінде бізге тек қырғыз бен тәжік спортшылары мықты қарсылас болады деп айта аламын», - деді асық атудан Қазақстан құрамасының спортшысы Мырза Қайымбетов.
Сондай-ақ қазақ күресінен Қазақстанның атынан қатысатын спортшылар іріктелген. Бүгінге дейін отандық балуандар 3 оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Көшпенділер ойындары басталғанға дейін тағы 3 жаттығу өткізуді жоспарлап отырмыз. Жобалап күресетін балуандардың тізімі бекітілді, әзірге жариялаған жоқпыз. Бірақ ең мықты, лайықты деген балуандар анықталды. Біздің құрамадан 16 салмақ дәрежесінде бір спортшыдан қатысады, оның 8-і қыздар арасында, тағы 8-і ерлер арасында шығады. Одан басқа да кураш, белбеу күрес сияқты күрес түрлері бар. Бапкерлік құрам бұл түрлерден де жауапкершілік алып, күресетін балуандарды белгілеп отыр. Бұған дейінгі ойындарда қазақ күресінен жақсы нәтижелерді көрсеттік. Соңғы Түркияда өткен ойында 5 салмақ дәрежесінде күресіп, үшеуінде алтын медаль иеленіп қайтты, - деді Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов.
Еске салсақ, биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің 85 елінен келген спортшылар асық ату, бәйге, кураш, теңге ілу, көкпар, көкбөру, көреш, ордо, арқан тартыс, аударыспақ, алыш, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлерінен 110 медальді сарапқа салады.
Испанияда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды (ВИДЕО). Америкалық ковбойлар Көшпенділер ойындарына қатысады.