Отбасындағы зорлық-зомбылық: полицейлерге тапсырма берілді
Қылмысты тергеу барысында нақты дәлелдер болуға тиіс
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев тұрмыста болатын қылмыстарды тергеуге қатысты полиция қызметкерлеріне тапсырма берді, деп хабарлады Polisia.kz.
Министрдің бірінші орынбасары орталық аппарат департаменттері басшыларының, аумақтық ПД басшыларының, сондай-ақ жаңа қылмыстық теріс қылықтарды тергеуге анықтау функциясы берілген қызметкерлердің дайындығын қамтамасыз ету жөніндегі жеке құрамның қатысуымен жедел кеңес өткізді.
Кеңес барысында Марат Қожаев тұрмыста болатын қылмыстарды тергеу кезінде полицияның жаңа тәсілдерді оқыту процесін тексеріп, департамент басшыларына қызметкерлерді «Электрондық қылмыстық іс» модулінде жұмыс істеу үшін техникалық жарақтандырумен қамтамасыз етуді, оларға қылмыстық теріс қылықтарды тергеу бойынша әдістемелік ұсынымдар беруді тапсырды.
Бұл әдістеменің негізгі мақсаты – полицейлерді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған құқық бұзушылықтарды рәсімдеу кезіндегі кәсіби іс-қимылдарын қамтамасыз ету.
Жанжалдарды видеоға жазу үшін қолда бар бейнежетондар мен басқа да бейнетіркеу құралдарын барынша пайдалану керек. Сондай-ақ қылмыстық заңнамадағы жаңа нормаларды тергеу функциясы берілген қызметкерлерді оқыту процесін аяқтап, өткізілетін сабақтардың сапасына ерекше назар аудару қажет, – деді Марат Қожаев.