Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды
Алматыда есірткі зертханасын жасаған ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Бостандық ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешенінде 27 жастағы жігіт есірткі зертханасын ұйымдастырған.
Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері пәтерді тінту барысында медициналық шприцтер, қолғаптар, лакмус қағазы, жасыл түсті изолента, прекурсорлар мен тұз қышқылы бар ыдыстар, арнайы зертханалық шыны ыдыстар, электронды таразылар және басқа да синтетикалық психотроптық затты өндіруге арналған құралдарды тәркіледі. Дайын өнім – кристалдар түріндегі ақшыл түсті зат. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат жалпы салмағы 139,57 грамм болатын Альфа-PVP есірткі заты. Пәтерден табылған сұйық, кристалды және ұнтақ күйіндегі зат сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Күдікті қамауға алынды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдікті есірткі жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды.