Halyq Uni логотип
×

«Тоғызқұмалақ» атауын өзгерту: Әлихан Байменов депутаттың ұсынысына жауап берді

Жоғары мінберден келелі ой айтылуға тиіс

 Дәурен Ерболат 30.05.2024 | 17:35
«Тоғызқұмалақ» атауын өзгерту: Әлихан Байменов депутаттың ұсынысына жауап берді
Фото: Тоғызқұмалақ федерациясы

Қазақстан және дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Байменов депутат Гүлдара Нұрымованың ұсынысына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеше депутат «Тоғызқұмалақ» атауын өзгертуді ұсынған еді.

Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп үкіметке сауал жолдапты. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену , қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау – ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. Көзі қарақты кез келген адам «Бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық, - деді Әлихан Байменов.

Оның айутынша, тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны.

«ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып саналады. Сырттан келген адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа – ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз.

Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде , ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады.

Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес.  Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынныңда, оның атауының да иесі – қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз – тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю, - деді федерация президенті.

Ол осы уақытқа дейін тоғызқұмалақтан 6 әлем чемпионаты өткенін, оған 25-30 ел қатысқанын атап өтті.

«Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам бұл ойынды түрлі деңгейде ойнайды. Мұның бәрі – ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегі. Оларды демеп, қолдап жүрген федерация, тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, мәслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз, - деді Әлихан Байменов

Серіктес жаңалықтары

Сараптама