Тоқаев Маңғыстаудағы сарбаздың өліміне байланысты шұғыл бұйрық берді
Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды.
Осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатын болады.
Еске салсақ, бүгін әскерилер 19 жастағы жауынгер Еділ Тешебаевтың Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде жүрген жерінде асылып өлгенін айтқан.
Осындай жазбаны әлеуметтік желіде Бегабат Ұзақов есімді қолданушы жазды.
Бүгін таңғы сағат бес шамасында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы шекара қызметінде мерзімді әскери борышын өтеп жүрген Еділ Бақытұлы Тешебаев (20.03.2003) асылып қалғаны хабарланды. Бір қызығы, әскерилер туыстарына екі түрлі хабар айтқан, – дейді ол.
Марқұмның туыстары Түркістан облысының Сарыағаш ауданында тұрады екен. Ол кеше марқұмның таныстарынан, туыстарынан ақша сұрағанын айтты.
Өтініш, мені бауырым Даниярға жақын жерге жерлесеңіздер, - деген жазба қалдырған марқұм.
Әзірге құзырлы органдар бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.