Вице-министр арнайы методика жоқ екенін айтты
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин киіктерден егіс алқабына зиян келіп, шаруалардың зардап шеккеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Киікті атуға біздің (Ауыл шаруашылығы министрлігі – ред.) қатысымыз жоқ. Олардың санын зерттемейміз. Шаруалар киіктерден зардап шеккен шығар. Бірақ бізде методика болмаған соң, киіктен зардап шеккен шаруаларға ақшаны қалай төлеу керегін білмейміз. Методиканы ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлемейді. Сондықтан бұл жұмысты жүргізген жоқпыз, – деді Бердалин Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Журналист «Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктерден егіс алқабына зиян келіп, шаруалар зардап шекті деп айта алмайды ғой? Дұрыс па?» деп сұрағын нақтылады.
Вице-министр ведомство шаруаларға тек заң аясында субсидия беретінін жеткізді.
Біз мәселені зерттеген жоқпыз. Сондықтан олай айта алмаймыз. Бізде шаруаларды қорғау үшін инвестициялық субсидия бар. Мысалы, сіз егіс алқабын қоршайсыз. Біз 25% субсидия береміз. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретінде, ал киіктің санын реттеу біздің құзыретімізге кірмейді, – деді ол.
Сондай-ақ Аманғали Бердалин «Киікті ату туралы шешім қабылдағанда АШМ өкілдерінің пікірі ескерілген жоқ па?» деген сауалға жауап берді.
Жоқ, мұны ауыл шаруашылығы министрі айтпайды. Экология министрлігі тиісті институттары арқылы бұл мәселені қарастырады, – деді вице-министр.
Еске салайық, 2023 жылы БАҚ-та киіктердің Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығына зиян келтіріп жатқаны айтылды. Сол жылдың қарашасына дейін 11,4 мың киік атылғаны белгілі болды.
2023 жылдың 13 қарашасындағы мәлімет бойынша, жалпы 15 380 киік ауланды. Оның ішінде 3 954 киік (Ақмола облысында 10 киік, Батыс Қазақстан облысында 3 944 киік) арнайы қоршауға алынып ұсталса, ату арқылы 11 426 киік (Ақмола облысында 1 833, Қарағанды облысында 2049, Қостанай облысында 1 479 және Батыс Қазақстан облысында 6065 бас) ауланды, – деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Ал 2024 жылы Қазақстанда киікті атуға тағы тыйым салынғаны хабарланған еді.