Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасалған
Қазақстанның бірқатар аймағында наразылық акциялары өтті. Азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойған.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалған.
Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірілген.
Тас, таяқ, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары болды.
Заңсыз әрекеттердің салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкеріне дене жарақаттары келтірілген. 37 қызметтік автокөлік бүлінген.
Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - делінген ІІМ хабарламасында.
Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды.