СҚО-да ер адам алаяқтарға алданып қала жаздады

Дастан Жұмабекұлы

Олар өздерін «банк қызметкерімін» деп таныстырған  

Фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алаяқтарға алданып қала жаздаған адамның мәселесін шешіп берді.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Мамлют ауданының полиция бөліміне аудан орталығының 43 жастағы тұрғыны арызбен келген. Ол арызында өмірде мүлде көрмеген бейтаныс адамдардың «банктен хабарласып тұрмын» деп телефон нөміріне қайта-қайта қоңырау соғып, 6 млн теңгеге алдағысы келгендерін жазған.

Оған бейтаныс адам біреулердің оның атына несие ресімдегелі жатқанын айтқан. Содан кейін жәбірленушіге санаулы минуттардан кейін полицей формасын киген жалған қызметкер видеоқоңыраумен хабарласқан. Ол телефонына бейтаныс қосымшаны жүктеп алған жағдайда несие алғысы келіп жатқан адамды ұстайтынын, сөйтіп, проблеманы шешіп берем деп уәде еткен.

Кейін белгілі болғандай, бұл құрылғы қашықтықтан басқаратын HopToDesk қосымшасы болып шыққан. Ер адам осы қосымшаны телефонына көшіріп, алаяқтарға телефонын емін-еркін пайдалануға мүмкіндік берген.

Алаяқтар оның телефоны арқылы банктерден несие алып, ресімдей бастаған. Алынған несиенің жалпы соммасы 6 млн теңге болған.

Содан кейін ер адам алаяқтарға алданғанын түсініп, бірден полицияға хабарласқан. Бір қуаныштысы, оның атынан несие ресімдеуге жасалған тапсырыстар мақұлданбаған.

Өйткені, ол бұған дейін полицейлердің кеңесі бойынша E-gov mobile қосымшасы арқылы несие ресімдеу мүмкіндігін бұғаттаған екен.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климовтың айтуынша, E-gov mobile қосымшасы арқылы несие ресімдеу мүмкіндігін бұғаттау - интернет-алаяқтардан қорғанудың сенімді жолының бірі.

Полиция мүдделі органдармен бірігіп, үй-үйді аралау кезінде аудан тұрғындарына несие алуды бұғаттаудың осындай мүмкіндігі бар екенін айтады.

«Банктен» келіп түскен қоңырауларға сенбеу керек. Ешқашан  басқа танымайтын адамның өтінішімен ешкімге ақша аудармау керек, – деді ол.