Павлодар облысында мыңға жуық ата-ана жазаланды

Динара Амантай

Ойын-сауық орындарының 41 иесі де жауапкершілікке тартылды

Фото: golos-naroda.kz

Павлодар облысында балалардың түнгі серуені үшін мыңға жуық ата-ана жазаланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісмі.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың 943 заңды өкілін балаларының түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Мысалы, рейд кезінде полиция қызметкерлері түнгі уақытта Назарбаев даңғылы көшесінде заңды өкілдерінсіз жүрген екі кәмелетке толмаған баланы ұстады. Түнгі уақытта жасөспірімдердің заңды өкілдерінің, олардың ата-аналарының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ойын-сауық орындарының 41 иесі де жауапкершілікке тартылды.

Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе көшеде тәртіп сақшыларының назарына түскен жасөспірімдердің полиция бөлімшесіне түсу қаупі бар. Сонымен қатар баланың кешкі уақытта үйден тыс жерде болуы келеңсіз жағдайларға алып келуі мүмкін. Балаларыңызды бақылаңыздар, егер баланың қай жерде жүргенін білмесеңіз және ол телефон қоңырауларына жауап бермесе, дереу полицияға хабарласыңыз, – деп ескертеді Павлодар облысы ПД қызметкерлері.