×

«Екі ел бірігіп салса, шығын да аз болады». Сарапшылар АЭС және референдум жайлы

Астанада стейкхолдерлер форумы өтті

 Айнұр Шошаева 30.05.2024 | 10:07
фото: Halyq Uni

Қазақстандықтардың атом энергиясы туралы білімін арттыру қажет. Сарапшылардың пікірінше, білімнің таяздығы қазір қоғамдық пікірге әсер етіп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанада өткен стейкхолдерлер форумында сарапшылар Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін талқылады. ҚР ЭМ электр энергетикасын дамыту департаментінің электр энергетикасына инвестициялар басқармасының басшысы Жалғас Шөгелбаевтің сөзінше, бүгінде Қазақстан энергетикасының генерация секторы тұрақты жұмыс істеп тұр.

«Былтыр аз ғана тапшылық барын көрсетті. Жалпы өндірлген электр энергиясы 112 млрд кВт/сағ көрсетті, ал тұтыну 115 млрд кВт/сағ. Жыл басынан бері жағдай түзеліп, профицит пайда бола бастады, оны көрші елдерге беріп отырмыз. Нақты санмен айтатын болсақ, тұтыну 49,3 млрд кВт/сағ, өндірілген энергия 49,8 млрд кВт/сағ құрады. Профицит – шамамен миллиардқа жуық. Әрине, энергия көп тұтынылатын кешкі уақытта тапшылық болады, бірақ ол РФ-дан алынған энергия есебінен жабылады», - деді маман.

Маманның айтуынша, энергия өндіретін нысандардың тозу деңгейі жоғары. Министрлік жағдайды түзеу үшін салаға инвестиция тартып жатқанын атап өтті.

Соңғы жылдары секторға салынған инвестиция артып келеді. Жұмыс істеп тұрған стансалардың ішінде 22 жоба бойынша инвестициялық келісім шеңберінде 2028 жылға қарай қосымша 3,5 ГВт қуат аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы болжам айтарлықтай жақсы. Теңгерімге сәйкес, 2027 жылға қарай біз тұрақты профицитке шығамыз, - деп қосты маман.

Департамент басшысы саладағы басты мәселелерді атап, оның қалай шешіліп жатқанына тоқталды. 

«Министрліктің пайымынша, саладағы ең өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Бұл бірінші кезекте еңбекақы мәселесімен байланысты. Еліміздегі электр энергетикасы, жылу энергетикасы саласына маман даярлайтын жетекші институттармен келіссөз жүргізіп отырамыз. Мемлекеттік грант санын көбейту мәселені шешпейді, түлектер бұл саланы таңдай бермейді. Сондықтан екінші жыл болды, тарифті көтергенде ең алдымен кәсіпорындардағы еңбекақыны көтеруге назар аудара бастадық. Еңбекақымен бірге әлеуметтік қамтамасыз етуге көңіл бөлініп жатыр. Тағы бір проблема – нысандардың тозуы. Инвестор тартыла бастады, Қытай, Корей және Катар елдерінен инвесторлар келді. Оның ішінде саладағы отандық өндірістің үлесін арттыруға мән беріледі. Қазақстанда энергетика саласына қажетті өндірістік құралдар өте аз шығарылады. Басқа елдерден әкелінетін жабдықтардың құны мен логистика мәселесі бар, мұның бәрі түптеп келгенде тарифке әсерін тигізбей қоймайды. Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы бар, оның мақсаты генерациядағы тозу деңгейін 2029 жылға қарай кемінде 15 пайызға азайту. Министрлік бұған қол жеткізу мақсатында инвестициялық климатты қалыптастырып жатыр», - деді Жалғас Шөгелбаев.

«ЕКІ ЕЛ БІРІГІП АЭС САЛУЫ КЕРЕК ШЫҒАР»

Қазақстанның инженер-энергетиктер одағының басшысы Марат Дұлқайыров министрліктің бұл пікірімен келіспейді. Оның пікірінше, алдағы 2-3 жылда оңтүстік өңірлерде электр энергиясынсыз қалу қаупі бар.

«Саладағы жағдай министрлік айтқандай жақсы емес, қиын жағдайда тұр. Одан шығу үшін инвестиция керек. Бүгінде салада тапшылық бар. Тіпті, өз бетімен жұмыс істеп тұрған батыс аймақ баланс ұстап тұрған. Қазір онда да тапшылық бар. Қалған екі аймақта – солтүстік пен оңтүстікте онсыз да тапшылық бар. Мысалы, былтырдың өзінде Қазақстан өзі өндірген энергиядан көп тұтынды. Сондықтан профицит туралы айту артық. Біз қазір қуат бойынша өте қиын тапшылыққа тап болдық. Оңтүстік өңірлерді алайық, онда ел халқының 50 пайызы тұрады. Балқаштан төмен орналасқан алты облыс электр қуаты тапшылығы бойынша 55 пайызды құрайды. Біз алдағы екі үш жылда электр энергиясын шектеу мен өшіру сияқты бұл тапшылықтың салдарын тартатын боламыз. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін шешім қабылдау керек», - деді сарапшы.

Одақ басшысы Қазақстан Париж келісімін орындау үшін шығарындыларын азайтуға тиіс. Оның пікірінше, бұған тек АЭС көмегімен ғана қол жеткізуге болады.

«Тапшылықты шешу үшін не салу керек? Көмір туралы айтпаса да түсінікті. Париж конвенциясына қол қойған соң, Қазақстан шығарындыларды азайтуы керек. Біз оған қалай қол жеткіземіз? Көпшілік жаңартылған энергия көздері туралы айтады. Алайда мұндай жалған жолмен жүруге болмайды. Елімізде ЖЭК туралы айтыла бастағанда қуанған адамдардың бірі мен едім. 20 жыл бұрын ЖЭК алға басуы үшін үкімет қаулысын дайындауға атсалыстым. Бірақ бүгінде ЖЭК атом стансасын салуға қарсы. Екеуін қатар қоюға келмейді. Себебі, біріншіден, генерацияның талабы үздіксіз, сенімді, сапалы жұмыс істеп, өндіретін энергия бағасы қолжетімді, яғни қымбат болмауы керек. Бүгінгі күні ЖЭК тұрақты, үздіксіз, сенімді әрі бағасы арзан емес. Бағасы қымбат дейтінім, былтыр Қазақстанда ЖЭК бағасы кВт/сағ 32 теңге болды. Ал қалған дәстүрлі нысандар өндірген энергияның құны кВт/сағ 14 теңгені құрады. Барлық жеңілдіктерге ие бола тұра, жаңартылған энергия құны екі есе қымбат», - деді Дұлқайыров.

Сарапшы Қазақстан атом электр стансасын көрші елмен бірігіп салса да ұтылмайтынын айтады.

«Үлкендегі алаң АЭС салу үшін дайын тұр. Энергетиктің көзімен айтатын болсам, бес желіні қосып, солтүстік Қазақстанды қосуға болады. Желінің бірі Бішкекке қосылса игі. Мұны не үшін айтып отырмын? Мүмкін екі ел бірігіп бір станса салу керек шығар. Сонда шығынымыз да аз болады. Фрунзеге дейінгі желі Алматыға дейінгі желімен бірдей қашықтықты алады. Дайын орын бар, жер жетпей жатқан жоқ. Екі ел бірігіп, тапшылықты шешуге болады деп есептеймін. Қазірдің өзінде тапшылық – 2 мың ГВт. Екі блоктан тұратын АЭС салынса жетеді. Жалпы қазір шағын модульді реакторлар сынақтан өтіп жатыр. Менің ойымша, 2030 жылға қарай пайдаланыла бастайды. Елімізде тозған ЖЭК өте көп, соларды шағын модульді реакторларға ауыстыру қажет деп есептеймін. Өйткені олар электр энергиясын өндіруден бөлек, жылумен қамтамасыз ете алады. Шағын модульді реакторларды жүктемесі көп өңірлердегі ЖЭО-ларға орнатылса, бір өңірден екінші өңірге энергия айдау тоқтатылады», - деді энергетик.

Бұған қоса, сарапшы тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасына қатысты пікір білдірді.

Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы туралы жиі айтылады. Бұл дұрыс емес. Қазақстан энергия тарифін көтере алмайды. 30 жыл бойы тарифті көтеруге жол берілмеді. Энергетиканың бүгінгідей тозған жағдайда жұмыс істеуіне Ұлттық экономика министрлігі кінәлі. Сондықтан министрлік қазір тарифтен тыс қаржы табуы керек. Халық тарифті көтере алмайды. Сол себепті басқа көздерді іздеуге тиіс, - деді Марат Дұлқайыров.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚҰРБАНДЫҚ ПСИХОЛОГИЯСЫНАН АРЫЛУЫ КЕРЕК»

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Дәурен Әбен елімізде АЭС салу мәселесі осыдан 10-15 жыл бұрын көтерілгенін, алайда нақты шешімнің болмауынан бүгінде күн тәртібінен түспей тұрғанын атап өтті.

Сол кездегі саяси жүйенің әсері ме, енді шенеуніктер жауапкершілік алуға батылы жетпеді ме, мәселе шешілмеді. АЭС салуға мүмкіндігі бола тұра, ЭКСПО салды, одан қандай пайда келгенін өздеріңіз білесіздер. Сол кезден бері бұл сұрақ таза энергетикалық сұрақтан саяси сипатқа ие болды. Бұрын тек қана радиофобия туралы айтушы едік. Қазір бұл сұрақтың саяси, экологиялық мәселелерін талқылаймыз. Сондықтан, бұл бұрын тек энергетиктер шешетін мәселе болса, бүгін бүкіл қоғам болып шешетін сұраққа айналды, - деді Дәурен Әбен.

Саясаттанушы қазақстандықтардың АЭС туралы білімі таяз екенін атап өтті.

«Былтыр Үлкенде және басқа жерлерде өткен қоғамдық тыңдауларға қарасақ, шынымен де халықтың атом саласы бойынша білімі таяз. Мәселен, ядролық қалдықтар туралы қойылған сұраққа «бізде ядролық отын банкі бар» деп жауап беріп жатыр. Бұл дұрыс жауап емес. Ядролық отын банкінің ядролық қалдықтарға мүлдем қатысы жоқ нәрсе. Бұл сарапшылардың арасында білім жоғын көрсетеді. Шынымен де білім беру саласына өте көп назар аудару керек. Айтпағым, ядро саласындағы кәсіби мамандарды дайындау емес. Негізі ол да үлкен мәселе. Менің айтып отырғаным балаларға мектеп жасынан бастап ядролық мәселе туралы айтып, Қазақстанның ядролық тарихы, кеңестік мұра, болған апаттар туралы мәлімет беру керек. Бұл баланың дамуына, келешек қоғамның дамуына әсерін тигізеді. Ертең референдум өткізіп, АЭС салған күннің өзінде білім беру мәселесі ешқайда кетпейді. Мүмкін бірінші АЭС-тен кейін екіншісі, үшіншісі салынатын шығар. Сондықтан қоғамдық пікірмен жұмыс істеу күн тәртібінен түспейтін мәседе», - деп толықтырды сарапшы.

Институт маманының пікірінше, халық арасында АЭС-ке қатысты түсінбеушілік ашықтықтың аздығынан пайда болып отыр.

«Транспаренттік болуы маңызды. Мәселен, АЭС мәселесінің саяси сипатынан қашқақтап, халықарлық концорциумның қатысуымен салынады, бірнеше компания қатысады деген соң, халық оны дұрыс түсінбей жатыр. Яғни, түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілуге тиіс. Тағы бір мәселе – құрбандық психологиясы. 30 жылдан астам жыл бойы Қазақстан халқының Семей полигонынан зардап шеккені туралы көп айтып келеміз. Тарихқа көп үңіліп, трагедия беттерін қарастырып отырамыз. Ол дұрыс – тарихты білу керек. Бірақ болашаққа қарап отырған ұлт болғымыз келсе, бұл менталитеттен арылып, ядролық саланы бізге тек трагедия әкелді деп айтпай, оның қандай әлеуеті барын айтып, оны кәдеге жарату жайын да сөз ету қажет. Ұлттық трагедиямызды ұлттық мақтанышқа айналдыру керек деп есептеймін», деді сарапшы.

Дәурен Әбен соңғы жылдары елімізде АЭС салынуын қолдайтын халықтың артып келе жатқанына назар аударды.

Тағы бір мәселе – референдум. Қоғамдық пікірдің қалай болатынын білмейміз. Көптеген институттар зерттеп жатыр. Менің байқағаным, қоғам пікірі өзгеріп, АЭС-ті қабылдауға бұрылып жатыр. Яғни, АЭС салуды қолдайтын адамдардың пайызы жыл сайын артып келеді. Бұл осы бағыттағы жұмыстың барын көрсетеді. Қазіргі сандарды қарасақ, қоғамдық пікір екіге бөлінгенін көреміз. Сондықтан ертең референдум өткізгенде көршілік қалай дауыс береді деп айту қиын. Бірақ биыл болмаса да, алдағы 2-3 жылда тиісті жұмысты жүргізіп, қоғамдық пікірді АЭС салуға толығымен бұруға болатынына сенімдімін, - деді Дәурен Әбен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама