Бұған дейін желіде жергілікті тұрғындар мен мигранттар арасындағы жаппай төбелес жайлы ақпарат тараған еді
Алматы облысының полиция департаменті Іле ауданындағы төбелеске қатысты түсініктеме берді.
«3 маусым күні Іле ауданында «Тілектес» саяжай қоғамының бір топ тұрғыны еңбек мигранттарының әрекеттеріне наразылық білдірді. Хабарламада айтылғандай, шетелдіктердің бірі құрылыс алаңы жанынан өтіп бара жатқан жасөспірімге тиісті деген болжам бар. Қазір құқық қорғау органдары ауыл тұрғындары көрсеткен деректі тексеріп жатыр. Ол бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», – дейді департамент.
Учаскелік полиция инспекторлары көші-қон қызметкерлерімен бірге көрші республика азаматтарының барлық қажетті құжатын тексерді. Көрсетілген жанжал бойынша объективті, заңды шешім қабылдау үшін тараптардың барлық дәлелі қарастырылады. Прокуратура қызметкерлері саяжай алабы тұрғындарымен қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу туралы кездесу ұйымдастырды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде «мигрант 4-сынып оқушысына тиіспек болды, кейін қыздың әкесі мен бір топ тұрғын шетелдіктермен төбелесті» деген мәлімет тараған болатын.