Жұмыс берушілерге 170 млн теңгеден аса айыппұл салынды
Биыл еліміз бойынша 13 кәсіпорында ереуілдер болды
Жұмыс берушілерге 170 млн теңгеден аса айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, ахуалдық орталық, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштерін, құзыретті органдардың жедел ақпаратын және еңбек ұжымдарындағы жағдайды тұрақсыздандыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпаратты күнделікті талдауды іске асыра отырып, кәсіпорындардағы ахуалды қадағалау бойынша мемлекеттік органдар мен әлеуметтік әріптестердің қадамдық өзара іс-қимылын регламенттейді.
Ахуалдық орталықта еңбек тәуекелдерінің мониторингі мен талдауы әрбір нақты кәсіпорын деңгейіне дейін қамтамасыз етіледі.
Осы жылдың басында еліміз бойынша мониторингте 127 кәсіпорын болды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бақылаудағы 50 кәсіпорында проблемалық мәселелер шешілді.
Бүгінде 77 кәсіпорын бақылауда. Олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек дауларын болдырмау бойынша шаралар қабылдап жатыр. Биыл республика бойынша 13 кәсіпорында ереуілдер болды. Қызметкерлердің негізгі талаптары – жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес тәуелді ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйлықақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу, қызметкерлерді босату тәуекелдері және тағы басқа. Салалық бөліністе даулардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық сала кәсіпорындарына тиесілі. Сондай-ақ, наразылықтардың туындау себептерінің бірі сервистік компаниялардың келісімшарттардың қысқа мерзімділігіне байланысты, – деді Төлеген Оспанқұлов.
Барлық ереуіл ҚР Еңбек кодексінде белгіленген қызметкерлердің талаптарын ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өткен. Осыған байланысты 5 соттың шешімдерімен ереуілдер заңсыз деп танылды. Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 126 кәсіпорнында 1,5 млрд теңгеден астам сомаға 9,7 мың қызметкердің алдындағы жалақы бойынша берешекті анықтады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 8,1 мыңнан астам қызметкердің құқығы қорғалды. Оларға 890 млн теңге төленді. Жұмыс берушілерге 1 409 ұйғарым беріліп, оларға 170 млн теңгеден астам сомаға 1780 әкімшілік айыппұл салынды.
24 мамырдағы жағдай бойынша 29 кәсіпорынның 1,6 мыңнан астам қызметкердің алдындағы жалақы берешегі – 682,6 млн теңге.