«Бензин құйған ұшақ алысқа бармайды». Депутат тозығы жеткен санавиация ұшақтарын жаңартуды ұсынды
Санитарлық авиация базасында 40 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан көне ұшақтар көп
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев елімізде ауыр дертке шалдыққан науқастар тозған ұшаққа отыруға мәжбүр екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалын Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдады.
«Бүгін медицинадағы тағы бір сұмдықты сөз етпекпін. Себебі, еліміздегі жедел жәрдемнің өзіне жедел жәрдем керек. Әңгіме санитарлық авиация жайлы. Биыл мамырда Қостанай облысында санитарлық рейстің су үстінде төбесімен төңкеріліп жатқанын көпшілік көрді. Алыстағы ағайынды емдеуге, орайын тауып орталыққа әкелуге аттанған ұшақтың сиқы осы. Енді қарапайым халық «Аурудан келмеген ажалым авиациядан келе ме?» деп қорқады», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың пікірінше, Қостанайда суға қонамын деп аударылған АН-2 ұшағы саладағы біраз мәселенің бетін ашқан.
Қазбалағанда біраз жайт әшкере болды. 2019-2023 жылдары санитарлық авиация желісінде 11 оқыс оқиға, 5 авиациялық оқиға тіркелді. Оның тең жартысы АН-2 ұшағына тиесілі. Медицина үшін ауадай қажет осы түйткілді шешуге тиіс уәкілетті мемлекеттік органдардың ісінде нақты нәтиже жоқ, - деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев 2023 жылы санитарлық авиацияға 11,9 млрд теңге жұмсалғанын, бірақ салада сорақылық көп екенін ашық айтты.
«Біріншіден, Қазақстандағы санавиацияда қолданылатын АН-2 Кеңес кезінде, яки 1947 жылдан бастап шыққан ұшақ.
ЯК-40 – 1966-1981 жылдары құрастырылған әуе көлігі. Ойлап көріңіз, табиғи байлықтың бәрі табанының астында жатқан еліміздің санитарлық рейстерінде орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан ұшақтар жүр.
Екіншіден, ең сорақысы Қазақстанның санавиациядағы АН-2 ұшақтары АИ-95 маркалы автомобиль бензинімен ұшуға мәжбүр. Осылайша, адам құтқаруға аттанатын ұшаққа жерде жүретін көліктің жанармайын құятын ел атандық. Осыдан кейін санитарлық авиациядағы апаттарға ешкім таң қала қоймас», - деді ол.
Қазақстандағы санавиация апатының тең жартысы осы ескі ұшақтардың еншісінде. Мұның барлығы Жоғарғы аудиторлық палатаның есебінде де көрсетілген.
«2023 жылы «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» шалғайдағы науқасқа жедел жету үшін 11 әуе компаниясымен шарт жасасқан. Бірақ соңғы төрт жылдағы қызметтің 70%-ы АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен іске асқан. Шалғайда қалып, жаны мұрнының ұшына келген отандасқа ескі-құсқы ұшақ құламай жеткеннің өзінде көмек кеш барады. Себебі, АН-2 санавиациядағы басқа әуе көліктерінен 1-1,5 сағатқа ұзақ ұшады.
Мысалы, АН-2 ұшағы 4 сағатта жететін жерге, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан ЕС-145 тікұшағы 2,5 сағатта жетеді. Осыған қарамастан ескі ұшақтардың тарифі жыл санап өсіп барады. 2015 жылы АН-2 ұшағының 1 сағаттық ұшу тарифі – 219 250 теңге болса, былтыр 328 мың теңгеге жеткен», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Ең өкініштісі мұндай тозған ұшақтарға науқастар отыруға мәжбүр.
Медицина саласының мамандары науқастарға ұшып-қонуы қауіпті ескі ұшақпен әдейілеп бармайды. Оларға ұсынылған нұсқадағы ең арзан тарифті таңдау туралы тәртіп себеп болып тұр. Былтыр санитарлық авиация ұшақтары 2 323 рет әуеге көтерілген. Осыдан-ақ аталған қызметтің Қазақстанда қаншалықты сұранысқа ие екенін көруге болады. Қазірдің өзінде санитарлық авиацияға мұқтаж азаматтарымыздың бәріне бірдей көмек берілмей отыр, - деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев депутаттарға науқастардан үнемі хат келетінін атап өтіп, Үкіметке бірқатар ұсынысын жолдады:
- Санитарлық авиациядан әбден ескірген АН-2 және ЯК-40 ұшақтарын алып тастау керек. Оның орнына әлемдік стандартқа сай заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды пайдалану қажет;
- Санитарлық авиацияға қажет ұшақтарды ұсынатын әуе компанияларымен шарт жасасқанда ең арзан тарифті бекіту туралы тәртіпті қайта қарау керек. Әйтпесе ескі ұшақтардан құтыла алмаймыз, ал бұл өз кезегінде онсыз да ауыр дертке шалдыққан адамды азаптау болып саналады.
- АН-2 ұшақтарына авиациялық жанармай құюды қамтамассыз ету керек. Себебі, жердегі көлікке тұтынатын бензинді құйған ұшақтың алысқа бармайтынына көз жетті.