×

БҚО-да жыл басынан бері балалар елуге жуық жол апатына түскен (ВИДЕО)

Биыл жолдағы авариядан 27 адам қаза тауып, 318 адам жарақат алды

 Дастан Жұмабекұлы 29.05.2024 | 16:38
Фото: polisia.kz

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері балалар 46 жол апатына түскен.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, соңғы уақытта Батыс Қазақстан облысында жол апатына жиілеп кетті. Жол апатына кәмелетке толмаған балалардың да қатысы бар.

Мәселен 1 сәуірде Орал қаласында кәмелетке толмаған жүргізуші Lada 219220 автокөлігін жүргізіп, Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы аялдаманың жанында 37 жастағы жаяу адамды қағып кеткен. Соның кесірінен жаяу адам ауруханада қайтыс болды.

Сондай-ақ 11 мамырда Ақсай қаласында кәмелетке толмаған жасөспірім Suzuki автокөлігімен 3 жасар баланы қағып кетті. Бала ауруханада көз жұмды.

27 мамырда кешкі уақытта Орал қаласында Л.Чайкин мен Көкшетау көшелерінің қиылысында скутер мен Hyundai автокөлігі соқтығысқан. Соның салдарынан скутердің кәмелетке толмаған жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу болып жатыр.

Осы оқиғаға байланысты кінәлі адамдар анықталады. Барлық фактілер ата-аналар мен заңды өкілдер тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан болған. Олар қылмыстық іс аясында жауапкершілікке тартылады.

Биылғы жылдың басында облыс бойынша 228 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 27 адам қаза тауып, 318 адам жарақат алды. Балалар 46 жол апатына түссе, оның ішінде төрт бала қаза тауып, 54 бала түрлі дене жарақатын алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама