×

Денсаулық сақтау вице-министрі депутаттардың сөзін бұрмалап жіберді – Қазыбек Иса

Мәжіліс депутаты министрліктер жіберетін кейбір деректер күмән туғызатынын айтты

 Дәурен Ерболат 29.05.2024 | 16:01
Қазыбек Иса, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның айтуынша, депутаттар халықтың зар-мұңы мен талабы орындалуы үшін Үкіметке сауал жолдайды. Алайда алған жауабының көбі шикі және қате болып келеді.

Кейде «Мен не деймін, домбырам не дейді?» дегендей, мүлде бұрмаланған жауаптар келеді. Үкіметтен келген кейбір жауаптарды оқу үшін алдын ала қан қысымыңызды өлшеп, қалыпқа түсіретін дәрі-дәрмегіңізді дайындап алмасаңыз, өзіңізге өте қиын болады. Үш жыл бұрын Үкімет басшысы «мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылуы – 93%» деп жазғанда бақыттан басымыз айналып, құлап қала жаздағанбыз, - деді Қазыбек Иса.

Депутат кейбір министрліктер шындыққа жанаспайтын ақпарат беретінін атап өтті.

«Үкіметтің тіліндегідей «ағымдағы жыл» емес, биыл 13 наурызда Денсаулық сақтау министріне жолдаған сауалымызда міндетті медициналық сақтандыру қорының тетіктерінің әділетсіздігін сынап, жақында жарияланған төлемдерді 5 есе көтеруге қарсы шықтық. Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев соның ертесіне журналистерге берген сөзінде сауалымыздың нақты мәнін бұрмалап, өз сөзін дәлелдеу үшін өтірікті соғып жіберді. Оның сөзінен «төлемдерді көтеруді ұсынды» дегенді түсінуге болады. Ал біз, керісінше, қорға төленетін төлемдерді көтеруге қарсы шыққан едік. Министрдің орынбасары «Міндетті сақтандырудағы жеке шоттар тек Сингапур елінде ғана бар» деп жалған ақпаратты соғып жіберуі қоғамда жалған пікір туғызды. Шын мәнінде, нарықтық, яғни дербес медициналық сақтандыруды дамыған мемлекеттер пайдаланып отыр», - деді ол.

Қазыбек Иса Үкіметтен келген жауаптарға көңілі толмайтынын ашық жеткізді.

Энергетикалық машина жасау туралы сауалымызға да шала жауап келді. Үкіметтен келген кейбір жауаптар қалай жазылатынын қайдам, тіпті оны жариялауға біз ұяламыз, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама