Жәбірленуші соттан зайыбын қатаң жазаламауды сұрады
Батыс Қазақстан облысында жанжал кезінде күйеуіне пышақ сұғып алған әйел сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бәйтерек аудандық сотымен әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 1-бөлігінің 106-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотта анықталғандай, әйел жолдасымен жанжалдасып, оның оң бүйрек тұсына ас үй пышағын салған. Әйел ер адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Өз кезегінде жәбірленуші соттан зайыбын қатаң жазаламауды және бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот жасалған қылмыс ауыр санатқа жататынын, кінәлінің жеке басы туралы деректерді, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуы және болмауын, жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сотталушыны түзеу және жаңа қылмысқа бармауы үшін әділ, қажетті және жеткілікті жаза тағайындау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әйелге 3 жыл бас бостандығын шектеу түрінде жазаны тағайындады, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.