×

Елордада 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев тағы бір марапатқа ие болды

Ол әр қазақстандық бір-біріне көмектесу керек дейді

 Дәурен Ерболат 04.06.2022 | 14:00
Фото: Әлиақпар Қадырбаев

Нұр-Сұлтанда 8-қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған 3 жасар қызды құтқарып қалған көпбалалы әке Сәбит Шонтақбаев марапатталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін астанада мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай патриоттар форумы өтті. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, елорда әкімі Алтай Көлгінов, Білім және ғылым минстрі Асхат Аймағамбетов, елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков, Altyn Qyran Foundation қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, көрнекті мәдениет өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен тағы басқалары қатысты.

Салтанатты жиында «Жыл патриоты» номинациясында қоғамның дамуына өз үлесін қосқан қазақстандықтар марапатталды:

«Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар»

  • Сәбит Шонтақбаев – Нұр-Сұлтанда 8-қабаттың терезесінен құлап кете жаздаған қызды өз өмірін қатерге тігіп құтқарған көпбалалы әке.

«Маған осындай ілтипат көрсетіп жатқандарыңызға мың алғыс. Мен өзім ерлік істедім деп айта алмаймын. Бұл жағдайда менің орнымда болған кез келген қазақстандық балаға көмектеседі деп ойлаймын. Қазақта «Батырлық білекте емес, жүректе деген сөз» бар. Сондықтан жанымыздағы адамдарды сыйлап, оларға көмектесіп жүрейік», - деді ол.

  • Ұлан Мырзабай – гвардияшы, Ақтөбе қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, ерлік көрсеткен.

«Ғылым және білім»

  • Асхат Жұмабеков – білім беру зерттеулері Еуропалық ассоциациясының еуропалық байқауының жеңімпазы;
  • Максим Здоровец – физик, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тректік мембраналық технологияларды дамыту жөніндегі инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты;

«Мәдениет және спорт»

  • Александр Герлиц – 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері;
  • Гүлнұр Мамасарипова – телепродюсер, сценарист;

«Медицина және волонтерлік»

  • Күнсұлу Закария – QazCovid-in (QazVac) коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші, ғалым;
  • Абылайхан Әбдіраш – Пандемия кезінде елордада тұрғындарға кәсіби медициналық көмек көрсеткен, әрі «Қазақстанның медицина жастары» қоғамдық бірлестігін құрған, ерікті;

«Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы»

  • Бейбіт Асанов – туған ауылында (Батыс Қазақстан облысы Погадаев ауылы) өз қаражатына спорт кешенін салған кәсіпкер;
  • Аманжол Арипов –  сұлы үлпегін өндіретін зауыт салған кәсіпкер (Ақмола облысы Атбасар ауданы Покровка ауылы).

«Технология және бизнес»

  • Өркен Мамырбаев – Phillips компаниясымен бірге қазақ тіліндегі сөздерді мәтінге айналдыратын бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеген, бұл қазақ тілін ақпараттық кеңістікке дамытуға мүмкіндік береді.

  • Сабыржан Ақбаров – 2021 жылы Түркістан облысындағы Сардоба су қоймасы бөгеті бұзылған кезде Мақтаарал ауданы тұрғындарына көмек көрсеткен кәсіпкер және меценат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама