Биыл Түркістан облысында 14 адам суға кеткен
Оның көбі кәмелет жасына толмаған бала
Биыл Түркістан облысында 14 адам суға кеткен. Оның көбі кәмелет жасына толмаған бала.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, суға батып кеткендердің 11-і кәмелетке толмаған болса, 8-і 2 жас пен 8 жас аралығындағы бала. Балалар ауылда шомылып жүргенде суға ктекен.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Төреқұловтың айтуынша, былтыр балалардың абайсызда каналдарға құлап кетуін алдын алу үшін «Түркістан» магистралды каналының 18 шақырымына әрбір 500 метр сайын 24 баспалдақ орнатылды. Баспалдақтардың тұсына 4 метрлік құтқару арқандары ілінді.
Мақтаарал ауданында «К-18» каналында 1200 метр және Қазығұрт ауданында «Газалкент» каналының екі жағы 5 мың метр темірмен қоршалды.
Былтыр шомылатын су арнасы жоқ ауылдарға 2,6 млн. теңге бөлініп, 28 модульді-каркасты бассейн сатып алынған. Қазір бассейн саны 71-ге жеткен.
Биыл бассейнге әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына тегін баруға жағдай жасалады. Сонымен қатар 23 коммуналдық жағажай ашу көзделіп отыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан, қала әкімдіктеріне тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын, – деді ол.
Қазір қолда бар дерекке қарағанда, Түркістан облысында 15 мың шақырымнан аса су арнасы бар. Оның 5 мыңы елді мекендер маңымен өтеді.
Былтыр 40-қа тарта адам суға кеткен. Мамандардың айтуынша, оның 50 пайызы ауылды жерде болған.