×

Ұлттық ұлан сазбардары білім грантына ие болды

Оларға білім алу сертификаты салтанатты түрде берілді

 Дәурен Ерболат 28.05.2024 | 16:00
Фото: Ұлттық ұлан

Павлодарда Ұлттық ұлан сазбаздары университетте тегін оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы №5512 әскери бөлімінің 8 сарбазы білім грантына ие болды. Енді олар еліміздегі бірқатар жоғары оқу орнында тегін білім ала алады.

Сарбаздар «Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасының мүмкіндігін пайдаланған. Бұл бағдарламада сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағасы, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек, әскердегі жауынгерлік  дағдылары, түрлі іс-шараға белсенді қатысуы ескеріледі.

Білім серификатына ие болғандардың бірі – Максим Шиш. Ол әскерге Алматы облысынан шақыртылған. Алдағы уақытта сарбаз Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне түспек.

Әскерге дейін Алматы қаласындағы гуманитарлық және техникалық колледжден орта білім алдым. Алдағы мақсатым жоғары білім алу болатын. Сондықтан Ұлттық біріңғай тестілеуге 2-3 ай дайындалу керек деп уайымдап жүргенмін. Шынымды айтсам, Ұлттық ұлан қатарында грант иесі атануым мен үшін тосынсый болды. Қуанышымда шек жоқ, - деді қатардағы жауынгер.

Әскери бөлім командирі тегін білім грантына ие болған 8 сарбазға білім алу сертификатын Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген 200-ден аса сарбазды шығарып салу рәсімінде  салтанатты түрде табыс етті.

Айта кетейік, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында 60-тан аса сарбаз  білім грантына ие болмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама