×

Лицензиясынан айырылған университет студенттері нені білуге тиіс

Ал оқу орныңыз бұрын жабылып қалса, дипломыңыз қазір жарай бере ме?

 Қымбат Елтайқызы 28.05.2024 | 16:10
коллаж: Halyq Uni

Осы және өзге де сұрақтарды қамтыған ресми сауалға Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Соңғы кезде бірнеше университеттің бас лицензиясынан айырылғаны белгілі. Осы оқу орындарының студенттері бұндай жағдайда не істеу керек? Олардың қандай құқықтары бар?

Уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған кезде, осы жоғары оқу орнының білім алушылары, бұл шешім қабылданған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары оқу орнына ауыстырылады.

Студенттердің басқа оқу орындарына ауысу процесі қалай жүзеге асады?

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан және (немесе) лицензияға қосымшасынан айырылған (кері қайтарып алынған), қолданысы тоқтатылған немесе ол таратылған жағдайларда, оның құрылтайшысы студенттерді міндетті түрде хабардар етіп, оқу орнының ресми сайтының басты бетінде тиісті ақпарат жариялайды. Сонымен қатар, осындай шешім қабылданған кезден бастап екі ай ішінде білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа білім ордасына ауыстыруды және олардың жеке істерін беруді қамтамасыз етеді. 

Грантта оқитындар мен ақылы түрде оқитындарды ауыстыру жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып, басқа білім беру ұйымына ауысады. Ал ақылы негізде білім алып жатқан студент басқа білім ордасына ақылы негізде ғана ауысады.

«Қабылдайтын басқа жоғары оқу орны білім алушының ауысуы кезінде оның даярлау бағытын, білім беру бағдарламасының бейінін, оқу жетістіктерін, сондай-ақ академиялық адалдықты бұзу жағдайларын ескереді», - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Жабылып қалған университет түлектерінің дипломдары жұмыс істеуге жарай бере ме әлде жарамсыз болып қала ма?

Жабылған білім беру ұйымдарының түлектеріне берілген білім туралы құжаттар (дипломдар) заңды күші бар ресми құжат болып саналады.

Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылды. Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратын ұрлағандар жазаланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама