Шымкентте бес жылда жол апатынан 373 адам қаза тапты
Үш мыңнан аса жолаушы жарақат алған
Шымкентте қала әкімді, Прокуратура мен ішкі істер органдары және жергілікті белсенді азаматтардың қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында қаладағы жол апаты мәселесі мен оны шешу жолдары қаралды, деп хабарлады otyrar.kz.
Қала прокурорының орынбасары Рашид Әміровтің айтуынша, жыл басынан бері 500-ге тарта жол көлік оқиғасы болған. 150 мыңнан аса жол жүру ережесін бұзылған.
Былтырғы жылмен салыстырғанда жол апаты 437 пайызға көбейді. Ал зардап шеккендер саны 625-ке жеткен. Оның 166-сы кәмелетке толмаған бала.
«Сергек» құралы жүргізушілерді тәртіпке салуда септігін тигізіп жатыр. 1,6 млрд теңге айыппұл салынды. Қазір оның 1,3-і өндірілді. Қосымша 3 000 дана камера орнату үшін бюджеттен 4,4 млрд теңге қаралды, – деді ол.
Жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһардағы көлік қозғалысына қатысты белгілерді қою бойынша мамандарға тапсырма беретінін айтты.
Ол мамандардың соңғы бес жылда болған жол көлік оқиғаларына мониторинг жүргізгенін, соның нәтижесінде апаттар саны 2 есе өскені анықталғанын айтты.
2019 жылдан бері 3 мыңнан аса адам автокөлік апатынан жарақат алса, 373 адам қаза тапқан.
Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Нұржан Серікбаев мұндай қайғылы жағдайдың басты себебі жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруынан дейді.
Жол көлік оқиғаларының негізгі себебі, бірінші жаяу жүргіншілерге жол бермеу, екінші жылдамдықты арттыру. Бұл барлық тіркелген жол көлік оқиғаларының 60 пайызын құрап отыр. Түркістан облысынан келетін көліктер бар. Күніне 300-бен 500 арасында көлік жүреді. Күніне кіріп-шығатын көліктердің көптігінен жол оқиғаларының да саны артып отыр, – деді ол.
Кездесуде қала көшелерін тексеру кезінде 59 қауіпті аймақ анықталғаны да белгілі болды. Қазір ол жерлерге жол белгілері, бағдаршам орнату жұмысы қолға алынды. Осындай мәселелерді көтеріп, кемшілікті жою үшін арнайы комиссия құрамын кеңейту көзделіп отыр.