Су тасқыны: 9 мыңнан астам үй қайта жөнделеді, 4 315 үй апатты деп танылды
Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккен азаматтардың бәрі баспаналы болуға тиіс
Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес, Қазақстанда су тасқыны салдарынан 9 мыңнан аса үй жөндеуден өтеді, ал 4 315 үй апатты деп танылды. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
28 мамырдағы жағдай бойынша 30 538 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алған.
Су тасқыны салдарынан республика бойынша шамамен 12 155 тұрғын үйге, сондай-ақ 18 321 саяжай құрылысына зақым келді, оның 5 353-і зардап шеккендердің жалғыз баспанасы (өтемақыға жатады) болып саналады.
Вице-премьердің айтуынша, қазір 15 093 тұрғын үй мен саяжай құрылысына сараптама жүргізілген. Бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының 84%-ы. Қорытындыға сәйкес, 9 мыңнан астам үй қалпына келтіріледі, 4 315 үй апатты деп танылды. Бағалау жұмысынан тек 11 134 үй өткен (64%).
Өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталып, тағы 3 417-ін нарықтан сатып алу жоспарланып отыр.
Жекелеген өңірлерде техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқынының төмендігін айта кету керек. Сондай-ақ техникалық тексеру және бағалау жұмыстары үйлестіріліп, барлық қажет қорытындыларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде ұсынылуын қамтамасыз ету керек.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 54%-ы, атап айтқанда тек 2 176 үй тексеріліп, 770 үйдің құны бағаланды. Ақтөбе облысында көрсеткіш – 73%, яғни 3 679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланды.
Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысын атап өткім келеді. Бұл өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталған деп есептеуге болады, - деді үкімет басшысының орынбасары.
Қанат Бозымбаев Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккен азаматтардың бәрі баспаналы болуға тиіс екенін айтты.
«Алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес, жалпы ел бойынша 9 мыңнан аса үй жөнделеді. 4 315 үй апатты деп танылды. Осыған байланысты өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды. Бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алынады деп жоспарланып отыр.
Құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты жұмыстарды кешіктірмеу керегіне әкімдердің назарын аударғым келеді. Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет. Жалпы осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда», - деді вице-премьер.