«Болашақ» экс-басшысы жауапқа тартылсын». Екі журналистің үндеуінен кейін ұйымда тексеру басталды
Орталық Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне хат жолдаған
Болашақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның бұрынғы президенті Жанболат Мелдешовтің немқұрайлығынан 2 журналист зардап шегіп отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Астанада президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің жүргізуші-модераторы, 24KZ телеарнасының экс-тележүргізушісі Мақпал Дәрібаева мен 24KZ телеарнасының кешкі жаңалықтар бөлімінің шығарушы-редакторы Наталья Воробьёва мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАҚ өкілдерінен көмек сұрады.
Олар 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасының түлегі 24KZ телеарнасының бұрынғы тележүргізушісі Валерия Гавриленкоға кепіл болған. Салдарынан бастары дауда қалып отыр.
Cол кезде үшеуміз әріптес болдық. Ол бізге келіп, «2 пәтерді кепілге қойдым, оқудың ақысы жалпы 26 млн теңге болды. Кепілге ақша жетпей тұр. Гарант болыңдаршы» деп көмек сұрады. Қаталеспесем, пәтерлер 20 млн теңгеге бағаланды. Қалған 6 млн теңгеге біз гарант болдық. Сондықтан біз келісімімізді бердік. Себебі, біз ересек адамбыз, құжатқа қол қойып, гарант болғанымызды түсінеміз. Біз ешкімнен қашып жүрген жоқпыз. Біз – гарантпыз. Алайда оқудың ақысын толық төлеуге қарсымыз, - деді Наталья Воробьева.
Мақпал Дәрібаева да экс-әріптесінің сөзіне сеніп қалған.
2016 жылы Валерия Гаврилиенко 24KZ телеарнасында орысша жаңалықтарды, ал мен қазақша жаңалықтарды жүргіздім. Ол «Болашақ» стипендиясының иегері атанды. Содан кейін «Қыздар, көмектесіңдер! Мен 2 үйімді кепілдікке қоямын, сендерге ешқандай қауіп төнбейді. Мен оқуымды бітіріп, елге ораламын» деп айтты. Біз әріптесіміздің сөзіне сендік және оған көмектескіміз келді, - деді журналист.
Алайда уақыт өте келе бәрі өзгерген.
Екі пәтердің кепілден шығарылғанын 2021 жылы «Болашақ» бізге сот арқылы шағым түсіргенде білдік. Содан кейін оқиғаның мән-жайын анықтауға кірістік. Сөйтсек, пәтерлер 2019 жылы кепілден шығарылыпты және оқудың ақысы да толық өтелмеген. Сол уақытта Валерия Гаврилиенко шетелге қоныс аударған, - деді Наталья Воробьева.
Мақпал Дәрібаеваның пікірінше, бұл заңсыздыққа «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы басшылығының қатысы болуы мүмкін.
2 пәтер кепілде болмағасын «Болашақ» бізден шамамен 30 млн теңгені қайтаруды талап етіп отыр. Бұл – Валерия Гавриленконың оқуына жұмсалған қаражат. «Болашақ» түлегі шетелде оқуды бітіргесін өзінің міндетін орындамаса, ең алдымен кепілге қойылған мүлікті сату арқылы барлық шығын өндіріледі. Қазір кепілде ешқандай мүлік жоқ. Алайда Валерия Гаврилиенконың елден қашып шығуына барлық жағдай жасалған. Оларды (пәтерлерді) сатып, шетелге қашып кеткен. («Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ экс-басшысы, 2016-2019 жылдар) Жанболат Мелдешов ресми құжатқа өзі қол қойып берген, - деді журналист.
Сондай-ақ Наталья Воробьёва 30 млн теңгені төлеуге шамасы жетпейтінін ашық айтты.
Әрқайсымызға 15 млн теңгеден төлесін деген күннің өзінде оны төлеуге мүмкіндігіміз жоқ. Ойлаңызшы, 15 млн теңге? Біз бұл ақшаны бірден төлей алмасақ, банктегі есеп шотымыз бұғатталады, шетелге шыға алмаймыз, пәтерімізді алып, оны сатылымға шығарады. Салдарынан біз далада қаламыз. Екеуміздің де отбасымыз бар. Мақпалдың аяғы ауыр. Осыған қарамастан ол әділдік іздеп жүр. Біздің ойымызша, бұл – жаға ұстатарлық жағдай. «Болашақ» осыған жол беріп отыр, - деді редактор ағынан жарылып.
Әріптесінің сөзін Мақпал Дәрібаева да қолдады.
Бізге 15 млн теңгені төлеу керек. Қолымызда ондай қаражат жоқ. Наташа екеуміздің отбасымыз, баламыз бар. Менің аяғым ауыр. Сондықтан олардың пәтерімізді алып қоюға, банктағы есепшотымызды бұғаттауға құқығы болады. Осының бәрінен біз қорқамыз. Алдағы уақытта сот болады. Сондықтан біз мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАҚ-тың назар аударуын сұраймыз, - деді журналист.
Адвокат Айжан Ташенова «Болашақ» бағдарламасының талабы заңсыз екенін айтты.
«Кепілдік туралы шарт бойынша және кепілдік туралы Азаматтық кодекстің ережесіне сәйкес кепілгерлер негізгі борышкер міндетін орындағанға дейін жауапты болады. Бірақ кепілдік шарты оқытуды ұйымдастыру туралы шартқа байланысты. 2022 жылы бұл міндеттемелер шарттан сот шешіміне ауысқандықтан, шарт өз күшін тоқтатты. Енді Гавриленконың міндеттемесі шарттан емес, соттың шешімінен туындайды, ал кепілдік шарты оқыту шартының орындалуын қамтамасыз етті. Менің ойымша және осындай сот шешімдерін шығарған адам ретінде айтарым, қазір кепілдік берушілерге талап қою мүмкін емес», - деді ол.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, шетелде заңсыз жүрген стипендиаттарға қатысты ауқымды тексеріс жүріп жатқанын хабарлады.
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2015 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі негізінде Гавриленко В.В. Ұлыбританияның Ливерпуль университетінде «Стратегиялық коммуникация» мамандығы магистратура бағдарламасы бойынша оқу үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды, 2016-2017 жылдары академиялық оқудан өтті.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, стипендиат оқуын аяқтағаннан кейін дипломын тапсыру, оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралу және Қазақстан аумағында мамандығы бойынша жұмыс істеу міндеттемелерін алды, - делінген хабарламада.
Орталықтың хабарлауынша, келісімшарт бойынша стипендиат оқу құнының жалпы сомасынан кем емес бағаланатын жылжымайтын мүлікті КЕПІЛГЕ қоюға міндетті. Кепілге қойылған жылжымайтын мүлік академиялық оқудың жалпы құнын өтемеген жағдайда, қамтамасыз етілмеген қалған сома бойынша стипендиат оқуын аяқтағаннан кейін міндеттемелерді қамтамасыз ететін жұмысқа қабілетті кепілгерлерді ұсынады.
«Гавриленко В. екі жылжымайтын мүлік нысанын кепіл ретінде ұсынды. Алайда олардың құны оқу құнын толық өтемегендіктен стипендиат үшін ресми түрде 2 кепілгер – М.А.Дарибаева, Н.А. Воробьева кепілдік берді, олардың әрқайсымен Орталық кепілдік шарттарын жасасты.
Кепілдік шартының 2.1 және 2.2 тармақтарына сәйкес М.А.Дарибаева мен Н.А. Воробьева оқуды ұйымдастыру шарты бойынша барлық міндеттемені толық орындауға бірлесіп жауапкершілікті мойнына алған. Сонымен қатар кепілдік шартының 2.4 тармағына сәйкес, стипендиаттың Орталық алдындағы міндеттемелерін орындамауы немесе тиісті түрде орындамауы жағдайында міндеттемелерді орындау туралы талапты қанағаттандырмаған жағдайда, Орталық орындалмаған бөліктегі аталған талапты кепілгерге қоюға құқылы, - делінген Орталық мәлімдемесінде.
Халықаралық бағдарламалар орталығы «заңбұзушылықтарды» анықтау үшін бірқатар шара жүргізуге кірісті. Қызметтік тергеу нәтижесінде 2019 жылғы 13 мамырда Орталықтың бұрынғы президенті Мелдешов Ж., вице-президенті Алпысбай М., заң департаментінің басшысы Шарамбаев А. тарапынан стипендиаттың барлық міндеттемесін толық орындауына байланысты жылжымайтын мүлік кепілінен босату туралы хабарлама берілгені анықталды. Яғни Қазақстан аумағында бір жыл еңбек қызметін атқарғаннан кейін.
Аталған фактілер анықталғаннан кейін, Орталық тиісті органдарға (Орталықтың) бұрынғы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік жалған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау және кінәлі адамдарды заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін бірнеше рет өтініш жолдады.
2024 жылғы сәуірде орталық Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне Валерия Гавриленконың нақты орналасқан жерін анықтау үшін хат жолдаған. Қазір орталық «Болашақ» бағдарламасының шетелдерде жүрген, мемлекет алдындағы шарттық міндеттемелерін орындамаған стипендиаттарды қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.