Нашақорлықпен күреспен барлық мемлекеттік органдар тиімді айналысуы тиіс
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың төрағалығымен өткен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысында жыл басынан бері есірткіні таратқан 20 баланың қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
ІІМ-нің хабарлауынша, қылмысты алдын алуға мүдделі барлық мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдіктерінің өкілдерінің қатысуымен өткен жиында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды.
Мемлекет басшысы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске ерекше назар аударып отыр. Қазіргі кезде есірткінің синтетикалық түрлері үлкен проблемаға айналған. Соңғы жылдары «синтетиканы» тәркілеу көрсеткіші жоғары. Сонымен қатар жастардың есірткі қылмысына тартылуы жиілеген.
Нашақорлықпен күреспен барлық мемлекеттік органдар тиімді айналысуы тиіс. Мұндағы негізгі бағыт – нашақорлықтың алдын алу, емдеу және оңалту. Сіздердің миссияларыңыз маңызды. Балалар – біздің болашағымыз. Ал есірткі ұлт болашағына қауіп төндіріп отыр, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Кеңесте сондай-ақ маусым айында есірткіге қарсы айлықты өткізу ұсынылды.
Есірткіге қарсы айлықты бастауды және оны тұрақты негізде жүргізуді ұсынамын. Біз «жазаның бұлтартпастығы» принципі туралы айтып отырмыз. Қоғамда есірткінің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік болуы керек, – деді министр.
Оның айтуынша, қазір жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу ерекше назарда. Өкінішке қарай, жыл басынан бері есірткі тарату ісімен айналысқан 20 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылды.