«Оқушылардың да сотын Бишімбаев ісі сияқты ашық өткізу керек». Депутаттар мектептегі әлімжеттік жайлы
Соңғы бір ай ішінде Жамбыл және Қызылорда облыстарында әлімжеттік салдарынан екі оқушы көз жұмды
Қазақстанда мектеп оқушылары арасында әлімжеттік мәселесі әлі ушығып тұр. Соңғы бір ай ішінде екі бірдей оқушы әліжеттік салдарынан көз жұмды.
Еске салсақ, 30 сәуірде Жамбыл облысындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп дәретханасынан 8-сынып оқушысының мүрдесі табылды. Ақпаратқа сенсек, 9-сынып оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын жеткіншектің кеуде тұсынан ұрған. Қазір 15 жастағы күдікті қамауда отыр.
Осыған ұқсас қайғылы жағдай Қызылорда облысында да болды. Шиелі ауданына қарасты мектептердің бірінде 10-сынып оқушылары 9-сыныптың оқушыларын ұрып, әлімжеттік салдарынан бір бала қайтыс болды. Қайғылы оқиға Шиелі ауданы Шеген Қодаманов ауылында болған. Күдікті ретінде екі оқушы қамауға алынып, тергеу шаралары басталып кетті.
Осы ретте Halyq Uni тілшісі депутаттардың пікірін сұрап, мектептегі әлімжеттікке қалай тоқтау салу керектігін сұрады.
Қазақстан мектептерінде әлімжеттік әлі де бар. Соңғы бір ай ішінде Жамбыл және Қызылорда облыстарында әлімжеттік салдарынан екі оқушы көз жұмды. ХХІ ғасырда осындай жағдайдың болуы нонсенс емес пе? Оқушылар арасындағы әлімжеттікті қалай тоқтатуға болады?
Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:
- Мектептегі әлімжеттік мәселесі өте өзекті. Оны тоқтату керек. Мысалы, біз әскердегі әлімжеттік мәселесін көтереміз. Алайда үйде, аулада және мектептегі әлімжеттік проблемасын шешпесек, онда әскердегі мәселені де шеше алмаймыз. Биыл «Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңда біз алғаш рет мектептегі және кәмелетке толмағандарға, яғни балаларға буллинг жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік баптарын енгіздік. Мысалы, ол (бала) бірінші рет буллинг жасайтын болса, оған 10 айлық есептік көрсеткіш (36 920 теңге, 1 АЕК - 3 692 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер ол бұл әрекетін тағы қайталаса, 30 АЕК (110 760 теңге) айыппұл салынады.
Сондай-ақ бала, оның ішінде 16 жасқа толмаған жасөспірім басқа балаға әлімжеттік жасаса, онда оның ата-анасына ескерту жасалады және олар да әкімшілік жауапқа тартылады.
Снежанна Имашева, Мәжіліс депутаты:
- Мұнда тәрбиеден басқа жолды көрмей тұрмын. Мұндай әрекеттің бәрі қылмыс. Қандай да бір әлімжеттік болса, қол көтерсе, ұрса – барлық мәселе Қылмыстық кодекспен реттеледі. Жалпы осындай бұзақылыққа бармас үшін жөспірімдер мен жастарды тәрбиелеу керек. Әлімжеттікті болдырмаудың бір жолы осы. Егер осындай жағдай болса, заңның күшіне сүйенеміз.
Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:
- Біріншіден, үйдегі тәрбие күшейсе. Екіншіден, тиісті министрліктер (Оқу-ағарту және ішкі істер министрліктері) өз жұмысын сапалы атқарып, (жоспарын) нақты іске асырса. Үшіншіден, (әлеуметтік желідегі) контентті түзеп, идеологиялық бағытта көбірек жұмыс істесек осындай жағдайлар (мектептегі әлімжеттік) әлдеқайда төмендейді деп ойлаймын.
Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:
- Бұл тек білім беру емес, тәрбиеге баса назар аудару керектігін көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктер тарапынан нақты жұмыстар керек. Өкінішке қарай бізде білім саласындағы бірқатар өзгеріс – мысалы, аудандық білім беру бөлімдері өкілеттілігі мен құзыреттілігі облыстық білім беру басқармаларына берілген. Соның салдарынан қазір көп жағдайда жергілікті жерлерде мектептің шатыры ұшып кетсе, жөндеу мәселесі, болмаса сіз айтқан оқиғалар (мектептегі әлімжеттік) болған кезде жоғарыдағы, яғни облыстық білім беру басқармасы мен аудандық білім беру бөліміне жалтақтап қару көбірек болып отыр.
Жалпы ата-ана, қоғам, орта және мектептің өзара үйлесімділігі керек. Әрине, мұндай жағдай (мектептегі әлімжеттік) тек Қазақстанда емес, АҚШ-та және әлемнің басқа елдерінде болатынын көріп отырмыз. Қазақ балаларының күші тасып бара жатса, бұқаралық спортпен айналысу мәселесін мемлекет басшысы қаншама рет айтты. Спорт үйірмелері тегін болуы керек. Көптеген баланың уақыты білім мен ғылымға, ізденіске жұмсалуы керек. Өкінішке қарай осы жағынан да бізде ақсап жатқанымызды ашық айтуымыз керек. Нақты айналысатын ісі жоқ балалар… осындай жағдайға тап болып жатыр.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты:
- Кешенді мәселе. Мәселені тек бейнебақылау камераларымен, турникет қоюмен, әр мектепке бір полицей отырғызумен шеше алмаймыз. Бірақ бейнебақылау камералары да, сынып сағаттары да керек. Жалпы азаматтарымыз бірін-бірі құрметтесе. Мәдениет мәселесі ғой. Егер үйінде осындай жанжал болып тұрса, егер ата-ананың үйінде баланы тәрбиелейтін уақыты болмаса, (бала) мектепке келгенде не істейді? Ол үйінде көрген мәселеден ауытқып, басқа нәрсе істей алмайды. Сондықтан мәселені тек мектепке, білім беру саласына тіреп қою дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл - жалпы қоғамдағы құндылықтардың проблемасы. Яғни, мектепке 2 турникет пен 5 бақылау камерасын қойсақ, әлде бүкіл жерге камера орнатып, 10 полицей отырғызсақ, бұдан мәселе шешілмейді.
Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты:
- Бала - біздің болашағымыз. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттіміз. Бұл жерде тығырықтан шығатын жол ретінде әу бастағы бастама аяқсыз қалған сияқты.
Біріншіден, әрбір мектепте заманауи жаңа құрылғылармен қамтамасыз ету, яғни бейнебақылау (камераларын орнату), оларды мектептің өзінде ғана емес, оның айналасында да қою керек.
Екіншіден, бейнебақылау камералары ішкі істер органдарының (жүйесіне қосылуға тиіс). Бұл жұмыс басталған. Алайда барлық өңірде қамтылды деп айта алмаймыз.
Үшіншіден, бұрыннан бар әдіс-амалдар дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ деп ойлаймын. Қылмыстың профилактикасы деген ұғым бар. Яғни Қылмыстың алдын алу, болдырмау. Оған Ішкі істер органдары кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін полицейлер жауапты. Осылардың жұмысынан кеткен кемшілік деп білемін.
Атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісінен кейін кәмелетке толмағандарға қатысты істерді тікелей эфиден көбірек көрсету керек ойлаймын. Бұрын біз көшпелі сот дегенді ұйымдастыратынбыз. Ондағы мақсат – сотқа қатысқан барлық адамға тәрбие беру. Бұл ғылыми айналымда бар дүние, яғни қылмыстық сот процесінің тәрбиелік маңызы. Осыны жан-жақты көрсету керек. Нақты мысал келтіре аламын. Қазір кәмелетке толмағандардың арасында закладчик (есірткіні жасырушы) деген көбейіп кетті ғой. Былтыр Қостанай облысындағы колледждің ғимаратында көшпелі сот отырысы ұйымдастырылды. Профильді комитет (Мәжіліс заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті) болған соң отырысқа қатысқан балалардан сұрап білдік. Шынымен де бұл жағдай жастарға қатты әсер еткен. Сондықтан осындай процестерді көбейту керек деп ойлаймын.
Қазіргі жағдайда Қуандық Бишімбаевтың соты сияқты (процесті) ашық өтуі керек. Сонда көп адамды қамтимыз. Психологиялық тұрғыда бала өзі сияқты баланың шын мәнінде сотталып бара жатқанын көретін болса, ол кәмелетке толмағандарға кәдімгідей қатты әсер етеді. Біз осы жерден қанша айтайық, түсіндірейік, газетке қаншама мақала жариялайық, балалар оларды оқып отырмайды. Өзі сияқты жасөспірімнің сотталып жатқанын көргенде, балаға ол әлдеқайда әсерлі болады.