×

Атырауда үлескерлердің ақшасына салынған кейбір коммерциялық тұрғын үйлер сүрілуі мүмкін

Лесхоз ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенін мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа арыз түсті

 Айнұр Асылбекқызы 03.06.2022 | 20:26
фото: Halyq Uni

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов бірқатар құрылыс компаниясының Атырауда тұрғын үй кешенін салу кезінде өрескел заң бұзушылыққа жол бергенін айтты.

Қазір Атырауда 36 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Олардың алтауында ғана үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсатпен қоса рұқсат құжаттарының толық жинағы бар. 14-інің құрылысты бастауға рұқсаты бар, бірақ үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты жоқ, 16 тұрғын үй кешенінің құрылысты бастауға рұқсат беретін құжаты толық емес. Тіпті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылысты бастау туралы хабарлама да ұсынылмаған. Эскиздік жобасы да мақұлданбаған.

36 тұрғын үй кешенінің алтауы тұрғын үй құрылыс кооперативтері арқылы салынып жатыр. Оның біреуінің құрылысы аяқталуға жақын. Бесеуінің әрқайсысында бірқатар проблема бар.

Еске салсақ, «Жібек жолы» тұрғын үй құрылыс кооперативі құрылысы 2020 жылдың басында басталып, 2021 жылдың ортасында құрылыс қарқыны бәсеңдеп, үлескерлер дабыл қаққан еді. Атырау облысы прокуратурасының ұйғарымы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жобалық-сметалық құжаттамасыз құрылыс салғаны және ұйғарымды орындамағаны үшін 2021 жылғы 24 қыркүйекте сот шешімімен ҚР ӘҚБтК-нің 314 және 462-баптары бойынша айыппұл салынды. Тұрғын үй құрылыс кооперативі келісімшарты аясында салынып жатқан тағы үш тұрғын үй кешені де құжаттары толық болмай, үлескерлердің үмітін ақтамай отыр.

Қабдиновтың айтуынша, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Азаматтық кодекстің 244-бабы бойынша, қаладағы Лесхоз ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенін мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа арыз түсірген. Бұл кешен рұқсат құжатынсыз салынып жатыр екен. Оның үстіне, жер телімінің нысаналы мақсатында жеке тұрғын үй құрылысы көрсетілген.

Салынып жатқан тұрғын үй кешеніне қатысты сотта тағы бір іс қаралып жатыр. Бұл тұста да рұқсат құжаттарынан бөлек, құрылыс салушының жер теліміне құқығы болмаған.

«Азаматтар үлестік қатысуды қабылдамас бұрын құрылыс салушыдан үлескерлерден ақша тартуға рұқсаттан бастап бүкіл құжаттың толық топтамасын сұрауы керек. Бұл, әсіресе, тұрғын үй құрылыс кооперативі арқылы тұрғын үй кешенінің құрылысына ақша салуға шешім қабылдағандар үшін өте маңызды. Өйткені «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР заңы мұндай кооперативтердің үлескерлерін қорғамайды. Әрине, тұрғын үй құрылыс кооперативі тұрғын үйді шаршы метрі үшін тартымды бағамен, көбінесе нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен ұсынып отыр. Бірақ мұндай бағамен тұрғын үй кешенін сапалы әрі уақытында салуы екіталай», - деп есептейді Қабдинов.

Одан бөлек, ол үлескерлерден ақша тартуға рұқсат алған, салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне ақша салатындар үйлерінің құрылысы аяқталмай қала ма деп алаңдамауын сұрайды.

Себебі, құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, мұндай нысандар сақтандырылған, өйткені, «Сақтандыру» қаржысы тұрғын үй кешені құрылысын аяқтауға жұмсалатынын айтады ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама