Жыл басынан бері 33 есірткі зертханасы жойылған
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қазақстанның қай өңірлерінде синтетикалық есірткі көп өндірілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еліміздегі есірткі ахуалына әсер ететін 3 фактор бар: Қазақстанда өсетін канабис шикізатының болуы, ауған героинінің трафигі, синтетикалық препараттардың таралуы. Тіпті, соңғы жағдай есірткі зертхаларының көбеюіне ықпал еткен.
«Оңтүстіктегі Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары ірі көлік-логистикалық торапта орналасқан. Биыл мұнда синтетикалық есірткі өндіретін зертханаларадың негізгі бөлігі анықталды. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнайы органдары 33 есірткі зертханасын жойды. 10 тоннадан аса прекурсорлар тәркіленді. Осылайша, тұтынуға дайын 1 тонна есірткі өндірісіне жол берілмеді. Бұл – шамамен 3 млн дана бір реттік доза», - деді Марат Қожаев Мәжілісте.
Биыл төрт ай ішінде Қазақстанда 2 729 есірткі қылмысы тіркелген.
«Оның ішінде 1117 қылмыс әшкереленді. 734 есірткі сату фактісі, 179 ірі көлемде есірткі сақтау дерегі анықталды. Есірткі бизнесінде ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басшылық жасаған үшін 11 қылмыстық іс қозғалды. 2 мың тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 234 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Соңғы 5 жылда тұтынуға дайын синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден 1 тоннаға дейін күрт өсті», - деді министрдің орынбасары.